-Қызыл су алғаш болып ауылдың шетіндегі мына үйге кірген. Баспана қожайыны тұрағын қорғаймын деп,биіктігі жарты метр бөгет қойған. Алайда су оны бұйым көрмей, асып өткен.
Небары 15 минут ішінде тасқын деңгейі бір метрге көтеріліпті. Белуардан су кешіп жүрген тұрғындар аман қалған заттарын жоғарыға қойып амалдауда. Су лап қойғанда жұрт тек құжаттарын алып шығып үлгерген. Алайда оның өзі шылқылдап, жарамсыз болып қалыпты.
-Құжаттың бәрі малмандай су. Енді не істейміз?
Нәзигүл Жәкенова тасқын келгенде қалада болыпты. Бүгін су шайған үйін көріп естен тана жаздады. Жақында ғана қыруар қаржыға жөндеу жасаған екен. Енді оның көретін жері жоқ.
Назигүл Жәкенова, Глуховка ауылының тұрғыны:
-Қайда түнерімді білмеймін! Балаларымды қалаға жіберетін шығармын. Жарықты өшіріп тастадық. Су 7-8 күнде кетеді деп ойламаймын.
Белгілі болғандай, ауыл шетіндегі бір жарым метрлік бөгет судың екпініне шыдас бермей, опырылған. Қазір 30-дан аса адам сол жарылған жерді жамаумен жүр. Тасқынның себебі әлі анықталмады.
Әсемхан Ысқақов, Глуховка ауылдық аймағының әкімі:
-Тұрғындарға көмек көрсетеміз. Судың неден көтерілгенін анықтай алмай отырмыз. Орманда бұлақ көздері ашылды деген болжам бар. Ал судың астында қалған үйлер сайда орналасқан. Қалғандарына су жетпеді.
Ауылдықтар бұл тасқынның алдын алуға болар еді деген сенімде. Шеттегі бөгетке су таяған кезде оның арнасын бұруды сұрадық дейді. Алайда, оған құлақ асқан жан болмапты. Енді тым құрығанда келген шығын өтелсе деп тілеп жүр.