Жарияланды: 650

ШҚО-ның Катонқарағай ауданында Астана күні мерекесі кең ауқымда аталып өтті

Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданының тұрғындары Астана күні мерекесін кең ауқымда атап өтті.

Бұл туралы ауданның ішкі саясат, мәдениет және тілді дамыту бөлімінен хабарлады. Астана бүгінде жас мемлекетімізді және халқымызды әлемге әйгілеп, алпауыт елдермен тереземізді тең етуге септігін тигізіп жатқан шын мәніндегі бас қалаға айналды. 6 шілде күні Үлкен Нарын ауылының орталық алаңында Астана күніне арналған бірқатар мерекелік іс-шаралар өтті. Ал кешқұрым аудан орталығының ұйымдары мен мекемелерінің қызметкерлері Астана қаласына арнап құттықтау сөздер мен ізгі тілектер жазылған ұрандар ұстап, орталық көшелермен жүріп өтті. Одан кейін Катонқарағай ауданында алғаш рет Шығыс Қазақстан облысының ең үздік шығармашылық ұжымдарының қатысуымен ауқымды концерт болды. Олардың арасында облыстық және республикалық деңгейдегі Көңілділер мен тапқырлар клубы сайыстарының көп мәрте жүлдегері - «Reality.КZ» КТК командасы, вокалдан облыстық байқаулардың лауреаты, қалалық «Студенттік көктем-2011» байқауында «ең үздік вокал» аталымының жеңімпазы атанған - Әлібек Досымбаев, көптеген әншілік байқаулардың жүлдегері Александр Белоков, облыста танымал «Асыл -Мұра» тобы сондай-ақ, Өскемен қаласының үздік ди-джейлары болды. Елорданың туған күнімен катонқарағайлықтарға өз құттықтауын аудан әкімі Арман Бекбосынов жолдады. «Сіздерді Елорда күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! Жас, әрі қарқынды дамыған Астана - намысшыл және өрісі биік тәуелсіз еліміздің нысанына айналды. Астананы көшіру туралы шешім сындарлы жылдарда шығарылса да, тарих мұның стратегиялық мүддеден туындаған батыл қадам екендігін дәлелдеп берді. Астана жаңа Қазақстанның саяси, экономикалық және мәдени өмірінің орталығы мәртебесіне ие болды. Астана келбеті күннен-күнге өзгеруде. Уақыт өткен сайын көркейіп, асқақтай түсуде. Тәуелсіз Қазақстанның бас қаласы елдің қарқынды дамуының жарқын көрінісіне айналды. Сондықтан барлығымыз «Біздің Отанымыз - Қазақстан, біздің елордамыз - Астана!» деп мақтанышпен айтамыз», - делінген онда. Мерекенің соңында Астана қаласының құрметіне мерекелік отшашу болды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін