Жарияланды: 360

Шри-Ланканың Қазақстандағы Мәдениет күндері аясындағы концертті Елбасы мен Шри-Ланка ДСР Президенті тамашалады

Бүгін Астана қаласындағы Бейбітшілік және Келісім сарайында Шри-Ланканың Қазақстандағы Мәдениет күндері аясындағы концертті тамашалауға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Шри-Ланка ДСР Президенті Махинда Раджапаксе келді.

Айта кетейік, осы шаралар Қазақстан Республикасы мен Шри-Ланка Демократиялық Социалистік Республикасы (ДСР) арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 20 жылдық мерейтойына арналған. Шри-Ланканың мәдени күндері аясында «Чандана мен бишілер» би ансамблі өз өнерін көрсуде. Бұдан бөлек, «Шри-Ланка келбеті» атты фотокөрме ұйымдастырылды. Атап айтқанда, мәдени шара Шри-Ланка ДСР Президенті Махинда Раджапаксенің Қазақстан Республикасына ресми сапары аясында өтуде. Таратылған мәліметтерге қарағанда, «Шри-Ланка келбеті» фотокөрмесі отыз жыл жалғасқан азамат соғысынан кейінгі Шри-Ланкадағы саяси және экономикалық өзгерістерге арналады. Сондай-ақ экспозиция Шри-Ланканың мәдениетімен және көзтартар табиғи көріністерімен таныстырады. Аталған елде би өнеріне ерекше мән береді және бишілердің қимылы өзіндік дәстүрге негізделген. Аяқтарының тез ырғақты қозғалысы асқан шеберлікпен орындалады, ал акробатикасына үлкен күш жұмсалады. Әрбір би өз тарихын айтып береді. Оларда ежелден би мен музыка Жаратқанның қамқоршылығына ие болуға және табиғаттың болмысын мадақтауға көмектеседі. Дәстүрлі биі және музыкасы ауа райының өзгерісін, кейбір жәндік-жануардың қимылын, халықтық ертегілерді және салтын, әдет-ғұрпын көркемдеп көрсетеді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін