Сапар барысында Ресей Федерациясы Алтай аймағы әкімшілігінің басшысы Александр Суриков, аймақтың сыртқы экономикалық байланыстар департаментінің директоры А.Жилин, Алтай аймағы әкімшілігінің мәдениет және туризм комитетінің төрағасы А.Ломакин, аймақтың халық депутаттары кеңесі төрағасының орынбасары Ю.Жикин бастаған өкілдер Шығыс Қазақстан облысының әкімі Талғатбек Абайділдин, Өскемен қаласының әкімі Александр Гречухиндермен жүздесіп, облыстағы бірқатар қала және аудандармен танысады.
Қонақтар Семейде «Семей су» ЖАҚ мен Невзоровтардың отбасылық мұражайында болады. Осындағы Абай атындағы театрда Алтай аймағы мен Шығыс Қазақстан облысының көркемөнерпаздық ұжымдарының бірлескен концерті өтеді.
Бүгін, 2-шілдеде Ресейлік өкілдер Өскемендегі «Азия Авто» автокөлік зауыты мен «УМЗ» ААҚ-ның мұражайын аралап, 1941-1945-жылдардағы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан Шығыс Қазақстандық жауынгерлер ескерткішіне гүл шоқтарын қояды. Одан әрі қонақтар облыстың Зырянов және Шемонаиха аудандарына жол тартады деп күтілуде.
Ресейлік өкілдердің сапары Шығыс Қазақстан облысы мен Ресей Федерациясы Алтай аймағы арасындағы өзара ынтымақтастық жөніндегі келісім шеңберінде өткізілуде.