Агенттіктің хабарлауынша, 2004-жылғы 28-мамырда Қазақстанда 601 сәби тіркелген. Олардың барлығын да 15-миллионыншы тұрғын деп санауға болады. Дегенмен, Агенттік олардың біреуін нағыз 15-миллионыншы тұрғын ретінде тіркеуді ұйғарған.
Еліміздің 15-миллионыншы тұрғынын анықтау барысында статистикалық әдістемелерге сәйкес сол күні босанған аналарға қатысты мәліметтер базасынан төрт және одан көп бала тапқандары анықталған. Статистикалық іріктеу нәтижесі көрсеткендей, 28-мамырда еліміздің АХАЖ мекемелері ресми тіркеген 601 шарананың 46-сы (7,7 проценті) отбасындағы төртінші немесе одан жоғары бала болып шыққан. Осы тізімге кірген бір әйел егіз бала тапқан. Отбасындағы алтыншы және жетінші балалар. Сол себепті ҚР статистика жөніндегі Агенттігі осы егіздерге тоқталды.
Егіздерден бірінші болып дүниеге келген Перизат есімді қыз Қазақстанның 15 миллионыншы тұрғынына саналды. Әпкесінен кейін іле-шала тіркелген Бекзатты «16-шы миллионға қарай қадам басқан алғашқы азамат» деп сануға болады, дейді агенттіктегілер. Егіздер 2004-жылғы 21-мамырда Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қалалық перзентханасында туған. Сәбилердің ата-анасы Сергиополь ауылдық округіне қарасты Бозой ауылында тұрады.
Агенттіктегілердің атап көрсетуінше, миллионыншы тұрғынға кандидат мекен-тұрағына, ұлтына, азаматтығына, бөбектің жынысына және басқа да факторларға қарамастан әділетті іріктелді.