Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 26-мамырда Шемонаиха ауданы Усть-Таловка ауылының 51 жастағы бір тұрғыны үш танысымен бірге сиыр сойып, етін бұзған. Бір аптадан кейін бақташы орталық аудандық ауруханаға «оң жақ қолының некрозды флегмонасы» деген диагнозбен жатқызылды. Ал 7-маусым, дүйсенбіде науқас облыстық медициналық бірлестіктің жұқпалы аурулар бөлімшесіне ауыстырылып, оған алдын-ала «күйдіргі» деген диагноз қойылды.
9-маусымда жоғарыда аталған науқаспен байланыста болған тағы бір адам осындай диагнозбен ауруханаға жатқызылды.
Агенттік ақпаратына сәйкес, қазір екі науқастың жағдайы да орташа ауыр деп бағалануда. Ауданда жұқпалы аурудың таралуына қарсы шаралар қолданылуда.