Жарияланды: 580

Шығыс Қазақстандағы ауылдарға қасқырлардың шабуы жиілеп кеткен

Шығыс Қазақстандағы ауылдарға қасқырлар шабуда. Түз тағылары тіпті ауладағы ірі қараға ауыз сала бастаған. Негізінен жапа шегіп отырған Катон-Қарағай, Күршім, Зайсан, Тарбағатай, Көкпекті аудандары. Сондықтан қазір аймақта қасқырларды жаппай ату басталды.

Василий Ткаченко қасқыр аулауға шықса, қанжығасын майламай қайтпайды. Тікұшақтан барлап келіп, түз тағысының ізін сілеусіндікінен 100 метр биіктіктен ажырата біледі. Міне, соңғы уақытта Көкпекті ауданындағы төрт түлікке бықпырттай тиіп жүрген үш арлан құздардың арасында бойларын көрсетіп қалғаны сол-ақ, дәл тиген оқ оларды жер жастандырды. 

Аңшылық шаруашылығындағы арнайы жасақ үшін қыс мезгілінде қасқыр аулауға шығу жоспарлы іс болғанымен, шалғайдағы елді мекендерге арландардың шабуылы биыл әсіресе жиілеп кеткендігін айтады олар. Себебі, жабайы азық тағылар үшін азайған.

Василий Ткаченко, ШҚО орман және аңшылық шаруашылығы арнайы жасақ бастығының орынбасары:

- Бүгінгі қансонар аса нәтижелі болды деп айта алмаймын. Өздеріңіз көрдіңіздер олардың ізіне түсу үшін бірнеше сағат  ұшуға тура келді. Оның бос шығын екенін ұмытпаған жөн. Ал қасқыр болса ізін жасырудың түрлі амалдарын біледі. Мысалы, бізді адастыру үшін әдейі сілеусіннің артынан да жүріп отырады.

Қасқырлардың шабуылы әсіресе Катон-Қарағай, Тарбағатай, Көкпекті аудандарында шаруалардың мазасын қашырған. Үйірімен келіп табындағы жылқыларды жайратып кетіп отырады. Қазірдің өзінде өңірде жүзден аса жылқы малының шығыны осы түз тағыларынан келген. 

Владимир Белоусов, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Біздің қожалықта 600-ге тарта жылқы бар. Қасқырлар табында жүрген жылқыларымызды әкетіп жатыр. Қыс түскелі 12 бастан айырылдық.

Аңшылар аязды күндердің келуімен жыртқыштар ауыл ішіне кіруі де мүмкін дейді. Сондықтан тұрғындарға абай болуларын ескертеді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін