Семинарға облыс әкімінің орынбасары Александр Гречухин, облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Түсіпхан Түсіпбеков, қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары, ішкі саясат және мәдениет бөлімдерінің мамандары, «Қазақ тілі» қоғамының филиалдарының жетекшілері, қоғам өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен журналистер қатысты.
Семинарда мемлекеттік тілді зерттеу проблемалары, қазақ тілінің қазіргі заманғы сөзжасам мәселелері, оны мемлекеттік мекемелердегі іс қағаздарын жүргізуде қолдану тәжірибесі туралы талқыланды.
Зайсан ауданының әкімі Бауыржан Жанақов семинарға қатысушыларға ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалы мен оның даму перспективасы туралы таныстырды. Семинарға қатысушылар Зайсан қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды, атап айтсақ, мәдениет сарайы, стадион, мәдениет және демалыс саябағы, шіркеу, мешіт, мұражай, орталық аудандық аурухана, қалалық жағажай, аурухана және Кеңсай ауылындағы мектеп тәрізді бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады.
Облыс әкімінің орынбасары Александр Гречухин ауданда әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға оң қадамдар жасалып жатқанын атап өтумен бірге, халыққа дәрігерлік қызмет көрсету сапасын арттыру және орталық аурухананы қазіргі заманғы жабдықтармен қамтамасыз ету қажеттігіне тоқталды.
Қазіргі жағдаймен Шығыс Қазақстан облысындағы 19 ауданның жетеуінде, атап айтсақ, Абай, Аягөз, Зайсан, Катон-Қарағай, Күршім, Тарбағатай, Үржар аудандарында іс қағаздары толық мемлекеттік тілде жүргізіледі. Ал 2005-жылдың 1-қаңтарынан бастап Көкпекті, 2008-жылы Бесқарағай, 2010-жылы Ұлан аудандарында іс қағаздары мемлекеттік тілде жүргізіле бастайды.