Кеше кешкісін бұрқасындаған қар бүгін дүлей боранға ұласты. Секундына 30 метр жылдамдықпен ойран салған желдің кесірінен Семейде барлық оқу орындары уақытша жұмысын тоқтатты. Қалада қоғамдық көлік қозғалысы да күрт қиындады. Жұмысқа асыққан жұрт амалсыздан такси жалдауға мәжбүр.
Маржан Әбдірахманова, Семей қаласының тұрғыны:
— Бір сағаттан артық тұрмын! Автобус болған жоқ. Басқа жаққа кетіп жатыр, ал біздің баратын жағымызға әлі болған жоқ!
Жел екпініне төтеп бере алмаған орталықтағы билбордтар шетінен жыртылып, құлап қалған. Көшелер мен жаяу жүргіншілер жолағын қар басып, тұрғындарға қиындық туғызды. Бораннан орталық алаңдағы бас шырша да қақ ортасынан бөлінді. Ал мемлекеттік бағдарлама бойынша жөнделіп жатқан мына үйдің шатыры ұшып кеткен. Тұрғындар бұған боранды емес, осыдан бір ай бұрын жұмысты бітіруі тиіс болған құрылысшыларды кінәлауда.
Қадиша Сартаева, Семей қаласының тұрғыны:
— Қабырғалардың бәрі су, су ағып жатыр. Көк сасып кеткен. Төлемейміз ешқандай ақшаны төлемейміз!
Боранның кесірінен Семейдің шетіндегі жер үйлер қар құрсауында қалды. Тұрғындар үйге не кіре, не шыға алмай дал. Қала орталығын тазалауға үлгермей жатқан коммуналдық қызметтің мұнда қашан жететіні белгісіз.
Белуарадан келер қардың астынан шығу үшін тұрғындар неше түрлі әдіс қолданғандарын айтады.
Серік Бураханов, Семей қаласының тұрғыны:
— Жұмысқа бару үшін тереземді сындырып шықтым. Есіктің сыртын қар басып қалған. Қырсыққанда автобус келмеді. Сол күйі жұмысқа бара алмадым.
Дүлей бораннан құтқарушылардың жұмысы күрт көбейді. Түрлі бағыттағы жолдарда қар құрсауында ондаған көлік қалып қойды.Мәселен,Алматыдан Үржарға бет алған 7 автобустың 300-ге тарта жолаушысы Үшарал маңында екі күннен бері көмек күтіп жатыр.
Ерасыл Ахметов, Жолаушы:
— 7 автобустай тоқтап тұр. Мұнда ештеңке жоқ. Жол ашылмаған. Жолда қалдық!
Семей арқылы өтетін жүк көліктері де екінші күн діттеген жерлеріне жете алмай тұр. Өйткені қаладан шығатын жолдар уақытша жабық. Синоптиктердің сөзіне сенсек, дүлей боранның арты сақылдаған сары аязға ұласады.