Шымбұлақтағы қымбатшылық: Екі тариф жүйесі халыққа қолжетімділікті арттыра ала ма?
Қазақстандықтар өз елінде қолжетімді демалыс орындарына зәру.
9 Қаңтар
54
Фото: threads/toxeita
Алматы маңындағы Шымбұлақ тау шаңғы курорты халық арасында кеңінен танымал демалыс орындарының бірі. Адамдар қаланың шуынан, күнделікті қарбаластан, лас ауадан қашып, таза ауада тыныстау, шаңғы тебу, отбасымен уақыт өткізу үшін келеді. Алайда бағалардың тым шарықтап кетуінен қарапайым халықтың қалтасы көтермейтін орынға айналды. Бұл туралы халық әлеуметтік желіде жаппай шағымдануда. Жаңа жылдан бастап жағдай тіпті ушығып барады. Caravan.kz медиа порталының тілшісі тақырыпты жан-жақты зерттеп көрді.
Қолжетпес Шымбұлақтың шынайы кейіпі
Былтыр осы мәселені Caravan.kz медиа порталының тілшісі көтерген. Ол кезде Шымбұлақтың қалталы азаматтар ғана демалатын орынға айналып бара жатқанын сынға алған халықтың жанайқайын жеткізген едік. Араға уақыт салып, мәселе өзектілігін жойған жоқ, керісінше 2026 жыл басталғалы қымбатшылық одан әрі күшейе түсті.
2025 жылдың соңында «Шымбұлақ» тау шаңғы курортындағы баға жұртты таңғалдырды. Тамақ пен сусындардың құны шарықтау шегіне жеткен еді. Келушілердің айтуынша, шың басындағы бір стақан ыстық шайдың өзі 5000 теңгеге дейін қымбаттаған. Желі қолданушылары мұндай бағалармен демалыс туралы айтудың өзі ұят деп санайды. Бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырды. Тамақтану орындарымен қатар, шаңғы және сноуборд тебу де халық үшін қолжетпес арманға айналып барады. Себебі жаңа жылдан кейін бағалар одан сайын өсті.
Арқан жолы мен қызмет бағасы
Арқан жолының бағасы қымбатшылықтың айқын көрінісі. Өткен жылы ең биік нүктесіне дейін көтерілу құны бір адамға 8 мың теңге болған. Ол кезде қосылған құн салығы 12 пайыз еді. Сaravan.kz тілшісі қазіргі бағаны білу үшін арнайы Шымбұлаққа келді. ҚҚС 16%-ға өскелі, көтерілу құны бір адамға 10 мың теңгеге өскен. Яғни 2000 теңгеге қымбаттаған.
Жалғыз адам үшін бұл баға орынды көрінуі мүмкін. Алайда отбасы болып келетіндер үшін жағдай мүлде басқа. Егер бес адам келсе, тек арқан жолының өзі 50 мың теңгеден асады, ал 8-10 адам болса, бұл сома 100 мың теңгеден асып кетеді.
Бұл шығындардың бір бөлігі ғана. Келушілердің есебіне сүйенейік. Көлікті тұраққа қою – 1000 теңге, түскі сағат 13:00-ге дейінгі абонемент – 19 500 теңге, жабдықты жалға алу (каска, аяқ киім, шаңғы, сақтау қызметі) – 42 мың теңге, екі адамға арналған таңғы ас – 32 мың теңге. Нәтижесінде Шымбұлақта жарты күн демалу үшін орта есеппен 95–100 мың теңге қаражат жұмсалады. Минималды жалақы алатын, несиесі бар немесе көпбалалы отбасылар үшін бұл мүмкін емес.
«Бұл қолжетімді спорт туралы емес, бұл халықтың күнін әрең көріп отырғанының көрінісі», – дейді тұрғындар.
Әлеуметтік желідегі пікірлер
«Мұны міндетті түрде жасау керек. 26 мың теңге өте қымбат. Басқа елдерде жергілікті тұрғындар мен шетелдіктерге арналған тариф бірнеше есе айырмашылықпен белгіленеді. Қазақстан азаматтары үшін баға 15-16 мың теңге болуы керек, ал шетелдіктер үшін 50 мың теңгеден басталуы тиіс».
«Қолдаймын. Бұл бағалар шектен шыққан. Өз азаматтарымыз үшін бұл тым қымбат».
«Толық келісемін. Мысалы, Стамбұлды алайық, онда барлық көрікті орындарда туристер үшін билет бағасы жергілікті тұрғындарға қарағанда 3 есе, кейде одан да қымбат».
«Шетелдік паспорт иелері үшін баға 5 есе жоғары болуы керек. Бұл көптеген елдерде қалыпты тәжірибе».
«Жергілікті тұрғындар үшін 26 мың теңге өте көп, ал туристер үшін керісінше арзан. Туристерге кем дегенде 100 доллардан бастау керек. Ташкентте кесенеге кіру ақысы туристер үшін жергілікті халықтан 20 еседен аса қымбат болғанын өз көзіммен көрдім».
«Жалпы барлық көрікті орындарда осындай жүйе енгізілуі керек».
«Өкінішке қарай, біздің елде кейде шетелдіктерді өз азаматтарымыздан да артық көретіндей әсер қалдырады».
«Қолдаймын. Түркияда азаматтар мен туристер арасындағы баға айырмашылығы өте үлкен, бірақ бұл ешкімге таңсық емес, барлық жерде туристер қосымша төлейді».
«26 мың теңге қарапайым халық үшін қымбат. Қымбат емес — әділетсіздік».
Екі тариф жүйесі туралы ұсыныс
Қазіргі қымбатшылық жағдайында халық екі тариф жүйесін енгізуді ұсынып отыр. Яғни бір тариф – Қазақстан азаматтарына, екіншісі – шетелдік туристерге арналған. Туристер, әдетте, жоғары баға төлеуден қашпайды. Бұл әлемнің көптеген елдерінде қалыптасқан тәжірибе. Мысалы, Малайзия, Стамбул, Ташкент, Үндістан сияқты елдерде жергілікті тұрғындар туристерге қарағанда бірнеше есе арзан төлейді. Түркияның Бурса қаласындағы Uludağ тау шаңғы курортында да осындай жүйе жұмыс істейді.
«26 мың теңгелік ски-пасс жергілікті тұрғындар үшін қолжетімсіз, ал шетелдік туристер үшін бұл қалыпты баға», – дейді халық.
«Екі тариф» жүйесі қолданылатын елдер
Мароккода туристік базарларда, көрікті жерлерде және қызмет көрсету орындарында жергілікті тұрғындар мен туристерге әр түрлі баға тәжірибесі кең тараған. Саудагерлер кейде шетелдік туристерге қымбат баға ұсынады, ал жергілікті тұрғындарға келісім бойынша әлдеқайда төмен бағалар береді. Көрнекті орындардың ішінде кейбір бақтарға (мысалы, Majorelle Garden) шетелдіктер үшін жоғары баға белгіленеді.
Индонезияда, әсіресе Бали және басқа туристік бағыттарда, көптеген ұлттық парктарға, ғибадатханалар мен көрікті жерлерге жергілікті тұрғындарға төмендетілген бағалар белгіленеді, ал шетелдік туристерге едәуір жоғары тариф қолданылады. Бұл практика әсіресе танымал туристік объектілер мен қоғамдық орындарда айқын көрінеді.
Түркияда ресми түрде екі тариф заңмен бекітілмегенімен, туристік аймақтарда, тарихи орындар мен базарларда екі түрлі баға тәжірибесі бар. Мысалы, жергілікті тұрғындар базарларда туризм аймақтарында және көше таксилерінде белгілі бағалар бойынша қызмет алатыны жиі байқалады, ал шетелдік туристерге жоғары баға ұсынылады.
Өзбекстанда кейбір тарихи орындарда («Registan» алаңы сияқты) жергілікті тұрғындар үшін кіру ақысы төмен болса, шетелдік туристерге ол айтарлықтай жоғары болуы мүмкін. Сонымен қатар, базарлар мен такси қызметтерінде де баға туристтің білімі мен валютасына қарай өзгеруі тәжірибеде кездеседі.
Кенияда ұлттық парктер мен қорықтарға кіру бағасы жергілікті тұрғындарға және шетелдік туристерге әр түрлі белгіленеді. Бұл әсіресе табиғи резерваттар мен жануарларды бақылау аймақтарында айқын көрінеді: шетелдік келушілерге баға әлдеқайда жоғары болуы мүмкін, ал жергілікті азаматтар үшін тариф арзан.
Екі тариф жүйесі (dual pricing) — бұл кейбір елдерде жергілікті тұрғындарға және шетелдік туристерге әр түрлі баға белгілеу тәжірибесі. Ол көбіне:
— туристік объектілерге билетте,
— тарихи орындарға кіруде,
— базарлар мен қоғамдық қызметтерде,
— такси, экскурсия және т.б. қызметтерде қолданылады.
Бұл тәсіл жергілікті тұрғындардың туристік қызметтерді қолжетімді ету мақсатында жасалады немесе кейде саудагерлердің туристерден көп пайда табу ниетімен пайда болады.
Шымбұлақ мәселесі арқылы біз халықтың мұңын көреміз. Ел азаматтарының жағдайы коммерциялық және туризм мүддесіне қарағанда төмен тұрған сияқты. Халықтың екі тариф идеясы биліктің құлағына жетеді деген үміт бар.