Шымкент: оқушының өліміне қатысты жаңа жәйттер белгілі болды - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+8 °C
Алматы
2024 Жыл
18 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Шымкент: оқушының өліміне қатысты жаңа жәйттер белгілі болды

Шымкент: оқушының өліміне қатысты жаңа жәйттер белгілі болды

Шымкенттік оқушының өліміне қатысты жаңа деректер анықталды. Кеше хабарлағанымыздай, Шымкентте 9-сыныпты бітірген екі мектептің оқушылары арасындағы төбелес бір жеткіншектің өлімімен аяқталды. Тағы бір бала ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Алайда қаза болған бозбаланың сыныптастары екі мектеп оқушыларының топтасып төбелесуінен 4 бала зардап шекенін айтуда. Марқұмның туыстары баласының өліміне мектеп әкімшілігін кінәлап отыр.

  • 17 Маусым 2011
  • 593
Фото - Caravan.kz

Тағаевтар отбасы баласынан айырылып, тал түсте  таяқ сүйеніп қалды. Небәрі 15 жастағы Нұргелді есімді перзентін жерлеп отырған жанұя бозбаланың өліміне білім ошағының басшылығын кінәлайды. Айтуларынша, сол күні аралық мемлекеттік бақылау емтиханын тапсыруға барған баласын мұғалімдер сыныпқа кіргізбей қойыпты.

Әбдіраш Тағаев, марқұм болған оқушының әкесі:

—  «Дәптерің жоқ»  деп кіргізбей қойған.  Екі балам бір сыныпта оқиды, біреуі кірген, ал екіншісін  кіргізбей қойыпты.  Содан көшеге шығып кеткен….көшеде болған жағдай, мектептің алдында болған.

Ал мектеп басшылығы мерт болған оқушының емтиханға кіріп, тиісті бағасын алып шыққанын айтып отыр.

 Гүлмара Оспанова, Шымкент қалалық №66 мектептің директоры:

 — Тапсырып, орташа баға – 3 қойған. Содан кеткен ол, қасында Жанатбек деген бала болған.

Бірақ Нұргелді емтиханға жіберілмегенін айтып, біраз туыстарына қоңырау шалыпты. Буыны енді бекіген перзентінен айырылған шаңыраққа көңіл айтуға келген мектеп директоры баланың өзін кінәлапты.

Балжан Айтбаева, марқұм болған оқушының туысы:

— Кеше келіп: «Оңбағандар, тәрбие жоқ» деп неге айтады?!  Онсыз да  қайғырып отырғанда! 15жасар баласы қыршын кетті!

Естеріңізге сала кетсек, кеше Шымкенттегі екі мектеп шәкірттері әлденеге шекісіп, арты төбелеске ұласқан. Жұдырықтасу кезінде жасөспірімнің бірі пышақ ала жүгіріп, соңы қайғылы аяқталды.


Білуімізше, жасөспірімдердің жұдырықтасуында жапа шеккен тағы бір жеткіншек ауыр халде ауруханада жатыр. Алайда ол туралы қандай да бір мәлімет беруден бас тартқан дәрігерлер  мұны  жоққа да шығармады. Сондықтан жарақат алған жасөспірімнің жағдайы әзірге белгісіз.

Марқұм болған Нұргелді Ағабектің сыныптастары төбелеске он шақты бала қатысқанын айтты. Және суық қарудан тағы «үш оқушы зардап шекті» деп отыр. Қазір тәртіп сақшылары  аталмыш қылмысты жасады деген күдікпен 16 жастағы жігітті тұтқындаған.

Серік Шалқаров, Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД Криминалдық полиция басқармасының бастығы:

— Күдіктінің айтуынша, ол өлтірем деп  ойламаған.  «Төбелестік,  шамам жетпеді, қалтамда пышағым бар еді» — дейді. Сол пышақпен ұрған.

Бұл Қазығұрт ықшамауданында жарты жыл ішінде орын алып отырған екінші қайғылы оқиға. Көктемде осында тағы бір жасөспірім кикілжіңнің құрбаны болған. 

Соңғы жаңалықтар