Елшіліктегілердің хабарлауынша, жуырда Ұлыбританиядағы Қазақстан елшісі Ерлан Ыдырысов Стивинейдж қаласына барып қайтты. Сапар барысында қазақстандық елші Стивинейдж қаласының мэрі Брайан Андервудпен және қаланың заң шығарушы жиналысының депутаттарымен, Қазақстанның достары лигасының өкілдерімен кездесіп, бауырлас қалалар арасындағы білім беру саласындағы алмастық шаралары аясында Шымкенттік мектеп оқушылары оқып жатқан білім ордаларында болды.
Кездесу барысында Шымкент қаласының әкімі Ғалым Жұмжаев басқаратын өкілдердің 2005-жылдың 3-10 -қыркүйегі арасында Стивинейдж қаласына жасайтын сапарына дайындық барысы тәптіштелді.
Қазақтандық өкілдер бұл сапар кезінде екі қаланың арасындағы бауырластық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік беретін ынтымақтастық салаларына баса назар аудармақ. Сапар кезінде тараптар қала инфрақұрылымын дамыту, қалалық шаруашылықты басқару, шағын және орта кәсіпкерлікті, тұрғын үй құрылысы, көлік, ауылшаруашылығы, білім беру, мәдениет және туризм салалрын басқару мәселелерін талқылайды.