«Шымкентфосфор» ААҚ банкроттыққа ұшыраған «Фосфор» АҚ-ның негізінде 1998-жылы құрылған. Кәсіпорынды сауықтыру шаралары 2002-жылдың маусым айынан басталды. Жуырда жергілікті экономикалық сот сауықтыру шарасын тоқтатып, зауытты банкрот деп жариялау туралы қаулы шығарды. Сот қаулысында атап көрсетілгеніндей, кәсіпорынды қалпына келтіру жөніндегі межелі жоспарлар екі жылда мүлдем орындалмаған. Мерзімі өтіп кеткен 270 млн. теңгенің берешегі өтелген жоқ, жалақы төлемдері 10,4 процентті құрады. Соған қарамастан, 133 млн. теңгенің қыруар қаржысы әкімшілік мақсатқа жұмсалып кеткен. Соттың пікірінше, кәсіпорынды сауықтыру жөніндегі басқарушы аукциондарды айналып өтіп, мүлікті заңсыз сатқан.
2005-жылдың 1-қаңтарындағы жағдаймен кәсіпорынның дебиторлық берешегі 23 млн. теңге, кредиторлық берешегі 400 млн. теңгені құрады.
Кәсіпорын банкрот деп жарияланғаннан кейін мұнда конкурстық басқарушы тағайындалды. Ол капитал қарызы мен жалақы қарызын өтеуі тиіс.
Банкрот кәсіпорындағы қаржы тапшылығына байланысты заң бойынша кәсіпорын мүгедектеріне берешек қаржыны мемлекет өтеуге тиіс. 2005-жылы бұл мақсатқа республика көлемінде 618 млн. теңге бөлінеді. Фосфор зауытының мүгедектері алдындағы берешек 70 млн. теңгені құрайды.