Шымкентте 10 кило героинмен ұсталған бұрынғы полиция қызметкері 5 жылға бас бостандығынан айрылды - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+16 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Шымкентте 10 кило героинмен ұсталған бұрынғы полиция қызметкері 5 жылға бас бостандығынан айрылды

Шымкентте 10 кило героинмен ұсталған бұрынғы полиция қызметкері 5 жылға бас бостандығынан айрылды

Шымкент қалалық соты Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІББ-ның жол полициясы басқармасының бұрынғы қызметкері Шавкат Эргешевтің ісі бойынша үкім шығарды,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

  • 18 Ақпан 2004
  • 558
Фото - Caravan.kz

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Ш.Эргешевті ҰҚК-нің Қарағанды облыстық департаментінің қызметкерлері 2002-жылдың мамыр айында Теміртауға кіреберісте түсірген болатын. Оның автокөлігіндегі жасырын қапшықтан ішінде жалпы салмағы 10 килоны құрайтын героин салынған 10 дорба табылған болатын. Тұтқынның үйіндегі тінту кезінде дыбыс тұншықтырғышы бар ПБ-90 тапаншасы, ПМ тапаншасы, үш оқшантай, 9 мм-лік 95 оқ пен тұтандырғышы бар екі қол гранатасы табылған болатын. Сондай-ақ, «ІІМ ІІББ» деген жазуы бар мөр-таңба, 5733 АҚШ доллары, түрлі жүргізуші куәліктері мен әкімшілік құқық бұзушылық оқиғалары туралы хаттама бланктері табылып тәркіленген болатын.

Сот мәжілісінде Ш.Эргешев өзінің айыбын жартылай ғана мойындады. Айыпталушының айтуынша, ол 1 мың АҚШ долларына Астанаға жеткізіп беру жөніндегі өтініш бойынша дәрі-дәрмек әкеле жатырмын деп ойлаған-мыс. Тергеу барысында оның героинды кімнен алғандығы анықталмай қалды.
Шымкент қалалық соты бұрынғы полиция қызметкерін ҚР Қылмыстық Кодексінің аса ірі көлемдегі заңсыз есірткі тасымалы жөніндегі 259-бабы, 2-тармағы бойынша 5 жылға, ал қару-жарақ пен оқ-дәріні заңсыз сақтау жөніндегі 251-бабы, 1-тармағы бойынша 2 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Алайда, ҚР Қылмыстық Кодексінің 58-бабы, 1-тармағында «жазаны қылмыстар жиынтығына қарай жүктеу» туралы көрсетілуіне сәйкес соттың ақырғы шешімімен оған бес жылға бас бостандығынан айырып, дүние-мүлкін тәркілеуге жаза кесілді. Қылмыскер жазасын жалпы тәртіпті абақтыда өтейтін болды. Жаза мерзімі 2002-жылдың 19-мамырынан басталады.

Соңғы жаңалықтар