Шымкенттегі отбасының 6 баланы асырап алғаны жайлы Балалар құқықтары жөніндегі Уәкіл Динара Зәкиева жазған болатын. Енді әлеуметтік желіде осы ауыр қылмысты жасады деген күдікті емшінің видеосы тарады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Отбасы асыранды 6 баланы жылдар бойы азаптап келген. Емшілікпен айналысатын отағасы балаларды жуындырмай, аш құрсақ ұстаған. Ит пен мысықтың етін жегізіп, зәрін ішкізген. Ұлықбек есімді атпен танымал емші ер адамның әрекеті жайлы балалардың құқығын қорғайтын топ тексеруге барғанда анықтаған.
Шымкент қаласы бойынша балалардың құқығын қорғау уәкілі Жанетта Жазықбаева айтқандай балалар аш болған.
«Сарайларына кірдік. Газ балллонында 32 мысық байлаулы тұр екен. Бала бұл мысықты шетінен сойып, бізге тамақ береді деді. Мүлдем шомылмаған, денелерін қасыған. Түнде балаларды қасынбасын деп байлап қояды екен», — дейді Жазықбаева.
Асыранды балалардың ең үлкені 16 жаста болса, кішісі 3 жаста. Жауыздықтан жапа шеккен ересек екеуі бейімделу орталығына орналастырылып, тағы төртеуі балалар үйіне бағытталды. Ер адамның өзі «сандырақ синдромы» диагнозымен Талғардың психикалық ауруханасында жатыр. Көкбұлақ ауылында болған бұл жағдайдан ауыл тұтас хабарсыз, бір атадан туған бауырлары да білмеген. Ер адамның үстінен қылмыстық іс қозғалған, қазір іс сотқа жолданды.
Бұл – еліміз бойынша асырап алған балаларға қатысты жасалған осындай төртінші қылмыс.
Бұл оқиғада біраз сұмдық бар, соның бірі – балалардың үлкенінің сөзінше, асырап алушылар балаларға зәр ішкізіп, нәжіспен тамақтандырған. Іс сотқа жіберілді. Сондай-ақ, олар балаға тиесілі ақшаны ешкілер сатып алуға жұмсап, балаға баққызып қойғандары туралы дерек бөлек тергелуде.
Бұл жағдайда балалардың үлкенінің денесіндегі көгерген жерлерді көрген мектеп мұғалімдері және қамқоршылық органдарына сұрақ көп. Оларға қатысты да қылмыстық істер қозғалды, тергеу жүріп жатыр.
Балалар омбудсменінің дерегінше, елімізде қамқоршылық органы қызметкерлерінің саны бала санына шаққанда өте аз. Мәселен, жыл басында Шымкентте 485 мың балаға 5 қамқоршылық қызметкері, яғни бір қызметкерге 90 мың баладан келген. Оған қоса бұл қызметкерлердің алып отырған жалақысы да мардымсыз.