Жарияланды: 580

Шымкентте ағайын арасындағы ұрыс соңы атысқа ұласып, 2 адам опат болды

Шымкентте ағайын арасындағы жанжал атысқа ұласты. Ұрыс-керіс қыз беріп, қыз алысқан құдалар арасында басталыпты. Артынша ауыл арасындағы жаппай төбелеспен жалғасқан. Мылтық, пышақ пен шоқпар пайдаланылған қақтығыстан 2 адам опат болды. Тағы 13-і түрлі жарақатпен ауруханада жатыр. Арасында үш әйел бар.

Жаппай төбелес Шымкенттің іргесіндегі мына Забадам ауылында орын алған. Іргелес жатқан екі ауылда тұратын ағайындас адамдардың арасына айттың соңғы күні жік түскен. Қасиетті мейрамды қорлағысы келмегендер ертеңіне кездесіп әңгімені аяқтауды ұйғарыпты. Келесі күнгі кездесуге тараптардың бірі қаруланып келіпті. Куәгерлердің айтуынша, төбелеске екі жақтан 60 шақты адам қатысқан. Оқиға орнынан тәртіп сақшылары бірнеше суық қару мен 5 сойыл тапты.

Шакарназ Бегалиева, Забадам ауылының тұрғыны:

- Олар қырық адам боп келді. Мұздай қаруланып алған. Келіп, өздерінің ағасы менің туысымды да аямады. Пышақ сұғып алды. Үлкен кісіге.

Жұмыла жұдырықтасу салдарынан 15 адам ауруханаға жеткізілген. Екеуі сонда қайтыс болды.

Оңалбай Нарманов, Жедел жәрдем ауруханасының бөлім меңгерушісі:

- Оның біреуі тіршілік белгілері жоқ, былайша айтқанда өлігін алып келген. Қалған науқастар реанимация бөлімшесіне жатқызылды. Бір науқаста ашық бас ми оқ-дәрі жарақаты. Өте ауыр түрде. Көрсетілген көмекке қарамастан ол ауру қайтыс болды.

Жаға жыртысқан жекжаттардың арасында 3 әйел де болған. Айт күні араздасқан бұларбір-біріне қыз алысып, қыз берген құда боп келеді екен.

Бауыржан Селтанов, Әл-Фараби аудандық ІІБ бастығы:

- Қыз беріп, күйеу бала боп жатқанның арасынан, құда болып, кеше айт кезіндегі, айттың үшінші күні үйіне айттап барғанда шыққан жанжалдың арқасында болып жатқан жәйт.

Қазір екі ауыл тәртіп сақшыларының қатаң бақылауында. Ал жаппай жұдырықтасуды бастады деген бір азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тек күдікті жансақтау бөлімінде ауыр халде жатыр.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін