Ессіз ғашықтық соттатып тынды. Шымкент соты бүгін бір қызды екі рет алып қашқан әскери қызметкерге үкім кесті. Тараздағы әскери бөлімшеде келісім-шартпен қызмет еткен Ерғалым Нұрбаев екі ретінде де 22 жастағы сүйген қызының қарсылығына қарамаған екен.Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.
Ерғалым мен Несібелі 2014 жылы әлеуметтік желі арқылы танысып, содан бері жігіт қызға бірнеше мәрте отбасын құру туралы ойын айтқан. Қыз ата-анасының қарсы болатынын жеткізсе де, ғашық жігіт оны 2015 жылы бірінші рет достарымен алып қашыпты. Ол кезде бойжеткен дау-жанжалмен кеткенімен, үйлену туралы ойынан қайтпаған жігіт тағы бір жылдан соң ғашығын таксимен-ақ басып алып келген. Тек бұл жолы қуғыншылар полицейлерді ерте келіпті. Істі жіті тексерген сот ақыры Ерғалымның бұрын істі болмағанын және қыз жақтың кешірім бергенін ескеріп, 4 жылға шартты жаза кесті. Істің «адам ұрлау» дерегімен қозғалғанын ескерсек, 24 жастағы тараздық Мәжнүн оңай жазамен құтылып отыр.
Жәмилә Төленова, Шымкент гарнизоны әскери сотының судьясы:
-Аталған қылмысты Нұрбаев адамдар тобының алдын-ала сөз байласуымен жасады деген қылмыстық дәрежелеу белгілері өз дәлелін таппады. Жәбірленушінің арызы бойынша және сотталушының жеңілдететін мән-жайларды ескеріп, сот сотталушыға ҚР ҚК-нің 63-ші бабын қолданып, шартты түрде жаза тағайындады.