Естеріңізге сала кетейік, Нұрсұлтан Назарбаев қоры жанындағы «Елбасы академиясы» жүзеге асыратын бұл жоба – жастарды жан-жақты дамытуға бағытталған. Бұл – республикалық деңгейдегі жалғыз бағдарлама. Оған 14 пен 29 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Жобаға қатысушылардың әрқайсысы өздерінің қарым-қатынас дағдыларын, білімі мен шығармашылықтарын көрсетеді.
Жобаның болашақ жеңімпаздары 6 ай аралығында 7 бағыт (спорт, дарындар мен дағдылар, кітап оқу, ұлттық мұра, еріктілік, экспедициялар мен жорықтар, еңбек практикасы) бойынша тапсырмалар орындады.
Гүлнұр Өтебек, Малика Сахымбек, Лаура Бораш, Севара Сұлтанмұратова, Сымбат Сайдулла қола медаль иегерлері атанды.
«Маған бұл жоба араласатын жаңа ортаға және жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. «Елбасы медалі» бағдарламасын жеңіп алу жоғары оқу орындарына түсу кезінде артықшылық болады. Мен осы жобаны ұйымдастырушыларға ерекше ризашылығымды білдіргім келеді», — деді қола медаль иегері Лаура Бораш.
Жалпы, жобаға еліміздің барлық аймақтарынан 20 мыңнан астам жас қатысты.