Төрт адамнан құралған қарулы қылмыстық топ облыс аумағында 2003-жылдың желтоқсан айынан бері әрекет еткен. Қылмыстық топтың мүшелері кәсіпкерлер мен ауқатты адамдардың пәтерлеріне қарақшылық шабуылдар жасап келген. Д.Шалаевтың пайымдауынша, қылмыстар әлдебіреулердің жөн-жоба көрсетуімен жасалып келгенге ұқсайды.
Барлығы осындай 12 қарақшылық шабуыл оқиғасы әшкереленді. Мамыр айының аяғында топ мүшелерінің бірі жансыздардың мәліметтері негізінде Түркістанда қолға түсті. 22 және 25 жастағы тағы да екі сыбайлас жігіт Шымкентте торға түсті.
Д.Шалаевтың хабарлауынша, қазіргі жағдаймен қылмыстық топтың жетекшісі, «Тайсон» деген лақап аты бар 24 жастағы Тұрсынбек Қалдарбеков қолға түспей отыр. Ол өткен жылғы 17 млн. теңге қолды болған «Қазпошта» инкассаторлық көлігін тонау оқиғасы сынды басқа да бірқатар қылмыстарға қатысы бар күдікті ретінде танылуда. Кәнігі қылмыскерді ұстаған адамға 1 млн. теңге сыйақы тағайындалса да, ол күні бүгінге дейін жымын білдірмей әділеттіліктен жалтарып жүр.