Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ішкі істер министрлігі Шымкентте мұнай өңдеу зауытының аумағынан мұнай өнімдерін ұрлау схемасын анықтап, жолын кесті
7 қаңтарда Шымкент қаласының полиция департаменті жедел іс-шаралар нәтижесінде жанар-жағармай материалдарын заңсыз шығару арнасын ұйымдастырған адамдар тобын ұстады.
«Қылмыстық схемаға мұнай өңдеу зауытымен байланысты кәсіпорындардың бірінің қызметкерлері тартылып, олар мегаполис тұрғындарымен сөз байласқан», — деп жазылған хабарламада.
Ұрланған отынды қылмыстық схеманы ұйымдастырушыларға тиесілі бірнеше базаның аумағында сақтау және сату фактілері анықталды. Қаражаттың көлеңкелі айналымы 1 миллиард теңгеден асады.
Тінту кезінде үлкен көлемде ақша, 17 тоннадан астам жанар-жағармай, отынды сақтау және айдау құралдары, сондай-ақ бірнеше автокөлік цистернасы тәркіленді. Барлық күдікті ұсталып, аса ірі көлемде ұрлық фактісі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.
Қылмыстық іс аясында Шымкент мұнай өңдеу зауыты қызметкерлерінің қылмысқа, оның ішінде контрабандаға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады, дейді полицейлер.
Дегенмен «ПетроКазахстан Ойл Продактс» ЖШС баспасөз қызметі Шымкент мұнай өңдеу зауытындағы ұрлық туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
«Мұнай өнімдерінің ұрлануы туралы материалда айтылған «Шымкент мұнай өнімдері» АҚ жеке компаниясы «ПетроКазахстан Ойл Продактс» ЖШС-мен (Шымкент мұнай өңдеу зауыты) байланысты емес және зауыт аумағынан тыс жерде орналасқан», — делінген хабарламада.