«Біз «Нұрсат» ықшамауданындағы 40 үйді салып аяқтауға қайтадан тендер өткізуге мәжбүрміз. Өйткені, бұған дейінгі мердігерлер үш жылда өз міндеттемелерін орындай алмады»,- деп мәлімдеді қалалық әкімшілікте өткен кеңесте қалалық құрылыс бөлімінің меңгерушісі Сәкен Икрамов. «Олардың кейбіреуі тіпті үйлердің іргетасын да тұрғыза алмады»,- деді ол.
С.Икрамовтың хабарлауынша, қазір игерілмей қалған қаржыны сот арқылы тәркілеп алу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі жағдаймен 80 млн теңге қайтарылған. Ал жалпы алаяқ мердігерлерге 150 млн. теңгеден астам қаржы бөлінген.
Ал қала әкімі Анарбек Орман құрылыс бөлімі қызметкерлерінің атына қатаң сын айтты. «Ақша сіздің бөлім арқылы өткен. Олардың құралақан екенін сіздер білдіңіздер ғой. Олардың қолында техникасы жоқ екенінен бейхабар болдық деп айта көрмеңіздер. Оларға ақшаны неге бердіңіздер?!», деп ашу шақырды ол.
Қалалық әкімшілікте өткен мәжілісте мәлім болғанындай, Түркияның «Юксель Иншаат» атты компаниясы құрылыс техникасымен Шымкентке келіп, тендерде жеңген, аванс түрінде 30 млн теңгені алып, сосын техниканы сатып, ақшамен бірге із-түзсіз жоғалып кеткен. Қазір оларды құзырлы мекемелер іздеп жатыр.
Сонымен бірге кеңесте тендерде жеңіске жете тұра, техникасы болмауға байланысты субмердігерлердің қызметіне жүгінетін, сөйте тұра құрылыс салу мерзімін асырып жіберетін отандық фирмаларға да сын айтылды.
Облыстық ипотекалық бағдарламаға сәйкес, «Нұрсат» ықшамауданында 543 үй салу межеленген. 2005-жылы 78, 2006-жылы небәрі 9 үй пайдалануға берілді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті