КТК телеарнасының хабарлауынша, бұлай жасау туралы ұсынысты ашулы кәсіпкерге полиция қызметкерлерінің өздері айтыпты. "Абидинов айтады маған: «Нұреке, саған ешкім көмектеспейді. Сені қамаймыз. Ішек-қарныңды шығар да, ішегіңе асылып өл» деді. Абидинов деген тергеу бастығы, полковник. Ал, тергеушілер Жолымбекова мен Сыдықов: «Өзіңе бензин құй да өрте» деп отыр. «Саған ешкім көмектеспейді. Әкімдік қызметкерлерін қамағанша сені құртқанымыз жақсы, сонда бәрі тынышталады, әкімдік біздің табыс көзіміз» деп ашығын айтты" деген болатын Н.Айнабеков.
Бірнеше жыл бұрын әкімдік тапсырысы бойынша амбулатория салған кәсіпкердің құрылыс компаниясы жұмысты тапсырғанымен ақшасын ала алмай сан сипап қалған екен. Содан бері полиция, прокуратура мен мемлекеттік кіріс департаментінің қызметкерлеріне талай шағым жазғанымен, мойын бұрған ешкім болмапты. Керісінше өзіне 4 бап бойынша іс қозғаған. Әділдік іздеп таппадым деп ашынған жігіт ағасы ақырғы осындай оқыс қадамға барып отыр. Денесінің 60 пайызын күйік шалған ол қазір ауыр хәлде ауруханада жатыр. Ал оқыс оқиғаға қатысты «суицидке итермелеу» бабы бойынша іс қозғалды.