Шымкентте полковниктер мен генералдар соғысудың жаңа тәсілін меңгеруде - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+21 °C
Алматы
2024 Жыл
20 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Шымкентте полковниктер мен генералдар соғысудың жаңа тәсілін меңгеруде

Шымкентте полковниктер мен генералдар соғысудың жаңа тәсілін меңгеруде

Шымкентте полковниктер мен генералдар соғысудың жаңа тәсілін меңгерді. Қала маңындағы «Ақтас» полигонында Ішкі істер министрлігінің жоғары офицерлік құрамы оқу-әдістемелік жаттығу өткізді. Негізінен еліміздің ішкі әскері түзету мекемелеріндегі қауіпсіздікке жауап береді. Сондықтан  жаттығуға өткен жылы Ақтаудағы түзеу колониясында орын алған атышулы оқиға да түрткі болған. Ол кезде түрмеден 20 шақты адам қашқан еді.

  • 23 Маусым 2011
  • 407
Фото - Caravan.kz

Ішкі әскер қатарындағы жоғары шенді офицерлерге арналған оқу-әдістемелік жиындардың далалық жағдайда өткізілуі алғаш рет. Қазақстанның әр аумағынан келген офицерлер күнгейдің қырлы –қыратты аумағында үш күн бойы шеберліктерін шыңдайтын болады. Әскери құрама мен полкті басқарып жүрген полковниктер мен генералдар енді  басқарудың жаңа әдісін үйреніп, жаңа қаруларды меңгермек.  

Жиынға  160-тан астам жоғары шенді әскери басшы келген. Алдымен штабтағы дәріс. Ал нағыз командирдің мектебі – соғыс алаңы.

Биылғы әскери жиын барынша соғыс жағдайына жақындастырылған. Жаттығудың алғашқы күнгі шарты бойынша ішкі әскер сарбаздары таудан келе жатқан қарулы топқа тойтарыс беру керек. Бұл жағдайда  қолбасшының соғыс жағдайында қабылдаған шешімі шешуші маңызға ие.

Рысбек Көшербаев, Ішкі әскер қарамағындағы Қарағанды құрамасының командирі:

—  Ол шешімді қалай қабылдау керек, шешім негізді болу керек,  орындаған  кезде сарбаздар аман қалу керек.

Оқу-әдістемелік жиын барысында ішкі әскер командирлері қарудың жаңа түрлерін қолдануды меңгереді. Сондай-ақ түнгі жағдайда, қала ішінде және түрмеде орын алған тәртіпсіздікті жоюға жаттығады.

Константин Цхай, Ішкі әскер қарамағындағы Шымкент құрамасы бастығының орынбасары:

— Біз күзететін негізгі құрам — қылмыскерлер мен сотталғандар. Олар кез келген сәтте күтпеген әрекетке баруы мүмкін. Егер қарулы қылмыскер бейбіт тұрғындардың арасына барып қалса  не болуы мүмкін?  Біз соған дайын болуымыз керек. 
  

Қазақстандық ішкі әскер тарихында ондай жағдай  болған да. Осыдан тура бір жыл бұрын Ақтаудағы қатаң тәртіптегі колониядан 21 қылмыскер қашып шықты. Соның  8-і алысқа кетіп үлгермеген. Ал қалған 13 қылмыскердің бес тәуліктен соң Ақтаудан жүз шақырымдай қашықтықтағы Шетпе ауылының маңында көзі жойылды.

Руслан Жақсылықов, ҚР ІІМ Ішкі әскерлерінің қолбасшысы:

Бұл жағдай қазақстандық ішкі әскер тарихында, тіпті Кеңес Одағы кезінде болмаған оқиға. Біздің қызметкерлерге түрменің ішінен де, сырт жақтан да қарулы қарсылық көрсетілді. Бұл  ішкі әскер қызметінің кінәсі емес. Біз  тек түрмелерді күзетеміз. Ал түрменің ішіндегі жағдайды қылмыстық атқару жүйесі бақылауы тиіс.  

Үш күнге созылатын  жиынға «өзің сақ бол, көршіңді кінәлама» деген айдар тағуға болады. Айта кетейік, Қазақстандық ішкі әскер қызметі тағы бір халықаралық ұйымның мүшесі болғалы тұр. Жақында Анкарада Түркия, Қазақстан, Қырғызстан,  Әзербайжан, Монғолия мемлекеттерінің ішкі әскер қолбасшылары осы елдердегі лаңкестікке бірлесе қарсы тұратын және ішкі қауіпсіздікті ортақтасып қамтамасыз ететін жаңа ұйым құруға ниет білдіретін құжатқа қол қойыды.

Соңғы жаңалықтар