Шымкентте Қазақ инновациялық университеті салынады - kaz.caravan.kz
  • $ 444.22
  • 476.38
+10 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Шымкентте Қазақ инновациялық университеті салынады

Шымкентте Қазақ инновациялық университеті салынады

15 қазанда «Rixos Khadisha Shymkent» қонақүйінде Өңірлік кәсіпкерлік кеңесі мен Шымкент қаласы әкімдігінің бірлескен жиыны өтті.

  • 16 Қазан 2015
  • 635
Фото - Caravan.kz


Алқалы кеңеске белгілі кәсіпкерлермен қатар, облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев, Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов және ОҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Асқар Әбубәкіров қатысты, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметінен. 

Жиынды кіріспе сөз сөйлеп ашқан Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Əбдірахымов кездесудің маңыздылығына тоқталып, облыс кәсіпкерлерінің қалалық құрылымдарына қатысты мәселелерге тоқталды.
Оның айтуынша, қазіргі таңда қаланың көркеюіне, өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосып жатқан көптеген ірі бизнесмендер бар. Миллионды мегаполис болып қалыптастыруда болашақта да отандық инвесторларды белсенді болуы тиіс.
— Біз қаладағы ретсіз сауда мен базарларды жойып, заман талабына сай сауда орындары мен алып дүкендерді салуымыз керек. Жоспарымыз бойынша 2017 жылдан бастап ірі базарлардың бәрі қала сыртында болады. Тек жеміс-жидек пен көкөніс сататын сауда орындары қалады. Қала ішіндегі базарлар шаһардың жаңа келбетін айшықтап, ажарын ашып тұратын сипатта безендіріледі, — деді қала әкімі.
Басқосуда сөз алған өңірімізге танымал бизнес саласының өкілдері Серікжан Сейітжанов, Қайрат Балабиев және Қайрат Молдасейітов Шымкенттің дамуы жолындағы барлық оң бастамаларға қолдау білдіретіндіктерін жеткізді.
— Бүгінгі жиында айтылған мәселелер өте орынды. Ортақ мақсаттағы жұмысқа бизнесмендер де атсалысу керек. Шымкенттің әлеуетін арттыру бағытында қаламызда Қазақ инновациялық университетін салуды жоспарлап отырмыз. Мұнда шетелден білікті мамандар шақыртылып, медициналық және техникалық мамандарды даярлайтын болады. Бұл жақын болашақта жүзеге асады. Жалпы, қаланың инфрақұрылымын дамыту бойынша жаңа жоспарлар жасалып жатыр, — деді кәсіпкер С.Сейітжанов.
Айта кету керек, кездесу барысында Шымкент қаласы әкімдігі мен ОҚО Кәсіпкерлер палатасы арасында өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.
— Кəсіпкерлік секторы мемлекетке салық төлеу арқылы қала қазынасын ұлғайтады. Бұл ретте әлеуметтік салық пен жер, көлік салығын реттеуді ұсынамын. Сондай-ақ «қолма қол» берілетін үстемақыларды да заңдастырып, жұмыспен қамтылған қызметкерлердің жалақысы арқылы түсетін көлеңкелі табыстың салығын да жүйелеу керек, — деді қала әкімі.
Жиын соңында шаһар басшысы Ғабидолла Əбдірахымов Шымкенттің жаңа заманауи келбетін қалыптастыруда кәсіпкерлерді күш біріктіре отырып, бірлесе жұмыс атқаруға шақырды.

Соңғы жаңалықтар