ОҚО барлық аудандарынан келген 27 музыкант үздік атану үшін және әдетте күзде Астана қаласында өткізілетін республикалық байқауға қатысуға жолдама алу үшін сайысты.
«Байқау дарынды әншілер үшін өмірге қадам басар саты ретінде құрылып, ондаған жылдардан бері өз міндетін атқарып келеді. Сондықтан да оған тек бір- ақ рет қатысуға болады. Тағы бір міндетті ереже — ешқандай фонограмма болмауы тиіс, тек жанды дауыс қана», — деді қазылар алқасының төрағасы Қалдыбек Құрманәлиев.
Бірінші турда қатысушылар Ш.Қалдаяқовтың шығармаларын орындады, екінші турда — Оңтүстік Қазақстан облысында танымал кез-келген автор шығармасын орындау талабы болды. Қатысушылардың жас мөлшері — 18-30 жас. Қазылар алқасының пікірі бойынша, биылғы жылы Созақ тумасы Мархабат Бейсенова мен шымкенттік Асылхан Шалқаров үздік деп танылды. Орындаушылар бірінші орынды өзара бөлісті.