Енді осындай жақсылықтардың қатарында зағип жандар үшін «сөйлейтін бағдаршамдар» қызмет көрсетпек.
Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімнің басшысы Қ.Жұматаев жаңа бағдаршамдардың жанған түсі мен көше атын қазақ және орыс тілдерінде хабарлап тұратындығын айтады. Бұрын орталықтағы кейбір бағдаршамдар дыңылдап дыбыстық белгі беріп тұратын. Бірақ, бұл зағип жандарды қауіптен құтқаруға көмектесе алмайтын еді.
Жыл соңына дейін Шымкент қаласындағы 20 көше қиылысына осындай құрылғы орнатылады. Қазір оның 12-сі жұмыс істеп тұр. Ал қалғандары желтоқсан айына дейін іске қосылады.
Әрине, бұл оңтүстік тұрғындары үшін жаңалық болғанымен, өркениетті елдер үшін таңсық дүние емес. Мәселен, Германияда автобустардың жүру кестесі аялдамада жазылған. Көрсетілген минутта көлік аялдамада тұрады. Ал мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін автобус есігінен қосымша табалдырық автоматты түрде түсіріледі. Ішке енген соң сақтандыратын белдігі бар арнаулы орын дайын. Қай ғимаратқа барсаңыз да жағдай жасалған. «Жақсыны көрмекке» дегендей, әлемнің адамзат қажетіне орайластырылған жаңа технологиясы өңірлерге де дәнін осылайша себе бастады.