Шымкентте танымал кәсіпкердің үйіне бұған дейін де қарақшылық шабуыл жасалғаны анықталды - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+21 °C
Алматы
2024 Жыл
20 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Шымкентте танымал кәсіпкердің үйіне бұған дейін де  қарақшылық шабуыл жасалғаны анықталды

Шымкентте танымал кәсіпкердің үйіне бұған дейін де қарақшылық шабуыл жасалғаны анықталды

Шымкентте қалталы кәсіпкердің отбасына қарақшылық шабуыл жасалды. Бетперде киіп, жүзін жасырған қаскөй таңғы мезгілде үйге баса көктеп кіріп, бизнесменнің 42 жастағы әйелі мен қызын және студент қарындасын пышақтап тастаған. Оңбай жараланған үшеуі де қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Дәл осындай қарулы шабуыл бұл отбасына осымен үшінші мәрте жасалуы.

  • 27 Қазан 2015
  • 394
Фото - Caravan.kz

Дәулет Мәуленов үйіне қарақшылық шабуыл жиілеген соң, жан-жаққа бірнеше камера орнатқан. Мынау – сол бақылау камерасына түскен көрініс. Түнде аула ішіндегі сарайға кіріп тығылған қаскөй таңертең кәсіпкер жұмысқа кеткенде тығылып жатқан сарайдан шығып, үйге беттеген. Бетперде киген қаскөйдің қолында пышақ. Арада 20 минут өткенде 3 адамды жарақаттап, жанталаса жүгіріп шыққан беті ауланың артымен қашқан.

Үшеуін де пышақтап кеткен бе?

– Пышақтап кеткен

— Ұйықтап жатқан ба?

– Екі қыз ұйықтап жатқан.

Қаскөй ұйқыдағы екі қызды пышақтап жатқанда асүйде ауыр жарақат алған кәсіпкердің келіншегі Гүлмира сыртқа шығып, көршілерден көмек сұрап үлгерген. 

Дәмелі Малдыбаева,  Д.Мәуленовтің көршісі:

-Мына кереуетте  Рамина бүгіліп жатыр екен. Ал, мына жерде Ақмерей деген қыздың көкірек тұсына және бел тұсына пышақ сұғылыпты.  Қолым дірілдеп-қалшылдап не істерімді білмей екінші қабаттағы терезені ашып айттым ғой барлығына.    

Бірнеше жерінен пышақ тиіп, есін жинай алмай жатқан 11 жасар Рамина мен 18 жастағы Ақмерей бүгін тілге келсе, дәрігерлер 42 жастағы Гүлмира Жиенбекованың хәлі тым ауыр дейді.

Әлімқұл Есенгелдиев, хирург:

-Пышақ, өкпесінің екі жерінен және жүрегіне тиген. Көп қан жоғалтқан, жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы аса ауыр.

Мәуленовтер отбасына қарақшылық шабуыл бұған дейін екі мәрте жасалған екен. 5 жыл бұрын үйден 4 миллион теңге ұрланса, екі жыл бұрын бетперде киген біреу осы үйде кәсіпкердің әйелін пышақпен қорқытып, ақша мен алтындарды алып кетіпті. Екі ретінде де қылмыс ашылмай қалған.


Ғалым Мәуленов, Д.Мәуленовтің ағасы:

-Жазғанбыз ғой. Екіншісінде жаздық. Күдіктіні де айтқанбыз. Оны да ол емес деп шығарды. Жұмыс істеп жатқан жоқ. Іздемейді. Тауып жатқан жоқ қой. Шынымен іздесе табады ғой.

Кәсіпкер Дәулет Мәуленовтің өзі тілшілермен сөйлесуге құлықсыз. Аман қалған 18 және 7 жасар балаларымен бірге тұрып жатқан ол ауруханада жатқан жақындарының амандығын тілеп отыр.

Қазір бұл қарақшылық шабуыл бойынша полицейлер «адам өлтіруге оқталу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Кілең кәсіби полицейлерден арнайы топ та құрылыпты. Ішкі істер өкілдері үш күн бұрынғы қанды қырғын мен екі жыл бұрын жасалған қарақшылық шабуылды жасаған бір адам болуы мүмкін дейді. Сондықтан, екі жылдан бері кәсіпкердің отбасына қырғидай тиіп, ұстатпай жүрген қаскөйді көп ұзамай қолға түсіреміз деп үміттенеді.

Соңғы жаңалықтар