Сенбі күні сабақтан шыққан 9-шы сыныптың екі қызы мектеп маңында жүрген үш азаматпен танысыпты. Таныстық бекем болу үшін бесеуі бірге отырып ащы судан сімірген.
-Масаңсыған оқушы қыздар кешқұрым жаңа танысқан жігіттермен бірге көлікке отырған. Олардың машинаға отырып жатқаны бейнекамераларға да түсіп қалыпты. Тек, полицейлер тергеу құпиясы ретінде әзірге ол түсірілімді жариялаудан бас тартып отыр.
Сол кеткеннен мол кеткен қыздар дүйсенбі таңертең саябақта қансырап жатқан жерінен табылды. Осы уақытқа дейін пәтерде зорланған олар үшінші күні қашып шығып, саябаққа келіп өздеріне қол салған.
Талғат Айтбаев, Шымкент қалалық АХТГО бөлім меңгерушісі:
-Жедел жәрдем шақырып, қолын лезвиемен кесіп алған жерінен алып келді. Біреуінің білезік буын аймағының сол жағында үстіртін кесілген жарасы бар, екінші оң жақ білезік аймағынан үстіртін кесілген жарасы бар.
Ал, жүзін көрсетуге ұялған бойжеткендердің туысының айтуынша, сенбі күні полицияға арызданыпты. Тәртіп сақшылары жедел әрекет етсе, қыздар мұндай күйге түспес еді,-дейді.
Зорланған оқушының туысы:
-Еңбекші аудандық полицейлеріне арызданып барғанымызда бізден арыз қабылдағысы келмеді. Бізбен дөрекі сөйлесіп, қыздарыңа тәрбие бермегенсіңдер деп айыптады. Егер бірден іздегенде мүмкін қыздар дәл мұндай жағдайда болмас па еді?
27,23,19 жастағы күдіктілер де көп ұзамай қолға түсті. Екеуі ешқайда жұмыс істемейтіні анық болса, үшіншісі сотта хатшы қызметінде екен. Тек, әзірше тергеліп жатқан олар туралы полицейлердің берер ақпары аз.
Салтанат Қаракөзова, ОҚО ІІД баспасөз хатшысы:
-Іздестіру жұмыстары жүргізілді. Күдікті азаматтар барлығы анықталып, қазіргі таңда Қаратау аудандық полиция бөлімінде ол үшеуі де. 1988 жылы, 1990 жылы, 1996 жылы туылған Шымкент қаласының тұрғындары.
Оларға қатысты тек зорлау бабы бойынша ғана іс қозғалып отыр. Десе де суицидке итермелеу және кісі ұрлау деректері бойынша да сот алдында жауап берулері мүмкін.