Оңтүстік Қазақстан облысының полицейлері жаңа туған сәбиді өлтірді деген күдіктіні ұстады, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"ОҚО ІІД өкілдері жедел-іздестіру шаралары барысында Астанада 26 жастағы әйелді ұстады. Ол Астана тұрғыны болып шықты, өз кінәсін мойындады", деп хабарлады полициядағылар.
Қазіргі уақытта полициядағылар қылмыстың мән-жайын анықтап жатыр. Күдікті жақын арада Шымкентке жеткізіледі. Күдіктіні ұстауға ОҚО ІІД бүкіл құрамы жұмылды.
Еске сала кетейік, 20 қазанда Шымкентте зауыттан сәбидің денесі табылған еді. ІІД мәліметінше, табылған сәби — қыз бала.