«Қала әкімінің №6 шешімімен «Шымкентсервис» ЖШС жойылды. Қаржының негізгі бөлігі қалалық коммуналдық бөлімге тапсырылды. Қазір қаладағы барлық уақытша тұрақтар заңсыз болып табылады»,- дейді баспасөз қызметі.
Жолдардың жиегіне уақытша тоқтаған автокөлік иелерінен төлемақы жинау қызметі осыдан екі жылдай бұрын құрылған. Қалалық биліктің сол кездегі түсініктемесіне сәйкес, бұл қаланың қоржынына құйылатын қаржыны толықтыру үшін жасалған. «Өйткені, жеке меншік тұлғалар онда заңсыз автотұрақтар жасап, жүргізушілерден ақша алуда», деген еді олар.
Қаланың бюджетіне түскен қаржының мардымсыздығына байланысты қызметтің жұмысына талай мәрте сын айтылған. Осы көктемде қаланың әкімі қызметіне кіріскен Өмірзақ Әметұлы қаржылық тиімділігін арттыру үшін қызметті қайта құрған.
Алайда, Шымкенттің жаңа әкімі Анарбек Орманның пайымдауынша, «бюджетке түсетін түсімдер қала көшелерінде жолдың тең жартысын иемденіп алатын уақытша автотұрақтарға аялдаған автокөліктердің кептеліп қалуынан келетін шығынды өтей алмайды». Сөйтіп, қызмет таратылып, уақытша тұрақтар заңсыз деп жарияланып, жол полициясына көліктерді тиісті орынға қоймау құбылысымен күресті күшейту тапсырылды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті