Алғашқы сот-медициналық сараптама жәбірленушінің денесіндегі ауыр жарақатты “жеңіл” деп бағалаған.
Бұл туралы заңгер Айгүл Орынбек Facebook желісіндегі парақшасында жазды, — деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
”Қазіргі іс бойынша азаматшаға қатысты жыныстық зорлық зомбылық дерегі тіркелген. Жәбірленушіге жасалған әрекет нәтижесінде айтарлықтай дене жарақаты бар екені анық. Дегенмен алғашқы сот-медициналық сараптама “жеңіл жарақат” деген қорытынды берген.
Біз мұнымен келіспей, комиссиялық кешенді сот-медициналық сараптама тағайындау туралы өтініш жасадық.
Алайда тергеуші бұл өтінішті қанағаттандырусыз қалдырды.
Осыған байланысты біз прокуратураға жүгіндік. Жауап бойынша — Ержан Мараттың рұқсатынсыз сараптаманы қайта тағайындау мүмкін емес екен.
Берік Асылов мырза!
Комиссиялық сараптаманы тағайындау үшін нақты қандай процессуалдық талапты орындау қажет?
Шымкент қаласында тергеу органдары деңгейінде мұндай бюрократиялық кедергілер қашан тоқтайды?
Әлде комиссиялық сараптама тағайындау үшін де пара беру керек пе?
Жәбірленушінің туыстары видеоны жариялаңыз ел көрсін, Шымкент прокуратурасының жұмысына баға берсін деген соң шығарып отырмын.
Сондықтан — біз қолымыздағы видеоматериалды желі арқылы жариялап, процессуалдық шешімдердің заң аясында әділ қабылдануына ықпал етуді көздеп отырмыз”, — деп жазды заңгер.