Шымкенттегі психдиспансерде зорлық көрген екі қыздың оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды Алайда күдіктілер жоқ, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Azattyq TV Youtube арнасында жәбірленушілермен болған сұхбат шықты. Видеода журналистер аталмыш орынға барып, жағдайдың мән-жайын білді. Себебі бұл жағдай қоғам назарынан тыс қалмауы тиіс. Жәбірленушілердің аналары тергеудің әділ өтуіне күмән білдіріп отыр, сол себепті қоғамның араласуы, ашық айтылуы маңызды.
Шымкенттегі психдиспансерде ем алған екі қыз «орталықта істейтін санитар жігіттер зорлағанын» айтты. Бірі 17 жаста. Екіншісі 22-де. Кәмелетке толмаған қыздың аяғы ауыр боп қалған.
Қыздардың сөзінше, санитар екі жігіт бірін укол салып, денесінен әл кетіріп зорлаған, екіншісін күш қолданып, «бұл жерден шықпай қаласың, сенің сөзіңе ешкім сенбейді, аурусың» деп қорқытқан. Мұндай жағдай жиырма күн ем ішінде бірнеше рет болған.
Болған жайтты 22-дегі қыз орталықтан шыққан соң анасына айтқан. «Бұл жаққа енді келмеймін. Санитарлар мені ғана емес, тағы үш қызды зорлады» деген. Анасы қызы айтқан үш қыздың да отбасын тауып, соның біреуі ғана полицияға арыз жазуға келіскен. Қалғандары ашылып сөйлеуден бас тартқан.
Зорлық көрген кәмелетке толмаған қыздың анасы сұхбатында қызының осы орталықта емделіп жүрген кезінде жүкті болғанын айтты.
«Қызым соңғы уақыттары үндемей, телефоннан бас ашпай жата беретін болды. Кейін құса бастады. Мен бірнәрсе болып қалды ма, ауырып қалды ма деп уайымдай бастадым. Кейін ауруханға апарып тексерттім, узи жүктілігінің 10 апта екенін көрсетті. Артынша қызым сол жерде болған оқиғаны айтып берді. Көбінесе түнде, кейде теледидар бөлмесінде зорланғанын айтты. Қинап, итеріп кіргізетін дейді, кімнің жасайтынын көру үшін ұйықтамайтынын айтты. Түнде басқа киімде болса, таңертең оянған уақытта пижасын ауыстырып, аяқ-қолдарын босатып кетеді екен. Таңертең оянғанда төмен жағы ауырып, қиналған. Балам ауырады, сол баламның ауруын пайдаланып отыр. Қызымның әлсіздігін пайдаланып, өзінің қызметін асыра пайдаланып отыр. Қызымның осылай қорлық көргеніне шыдар ала емеспін», — деді анасы.
Анасы қызының зорланғаны жөнінде полицияға арызданған. Ішіндегі баласын денсаулығына байланысты түсік жасатқан.
Зорлады деген екі санитардың бірі шу басталғаннан өз еркімен жұмыстан кеткен. Екіншісі ақысыз демалысқа шыққан. Полиция сараптама тағайындап, қазір нәтижесін күтіп отыр. «Зорлау» бабымен қозғалған істе әзірше күдікті жоқ.
«Іс шеңберінде қылмыс жасады деп күдік келтіліріп отырған тұлғалардың әрекетін әшкерелейтін және жәбірленуші тараптың ужін тексеру мақсатында тиісті сот сараптамалары тағайындалды. Жасалған түсікке байланысты да тиісті сот сараптамасы тағайындалған. Тергеу амалдары жүргізілуде», — делінген Шымкент қалалық полиция басқармасының мәлімдемесінде.
Санитардың бірі бұл орталық он жылдан бері, екіншісі екі жылдан бері істейді екен. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы «бұрын мұндай болған емес» дейді. Ал облыстық бас дәрігерінің сөзінше, екі қыз емделген бөлімшелердегі барық бейнебақылау камералары тексерілген. Алайда онда зорлау дерегі табылмағанын айтады. Десе де, олар атап көрсеткен теледидар бөлмесі мен шатырда бейнебақылау камералары қойылмаған болып шықты.
Бірі — депрессияға, екіншісі шизофренияға шалдыққан екі науқастың халі қазір тіптен ауыр.
Әріптесіміз Дилара Иса екі қызбен, әке-шешесімен сөйлескен. Оқып, көріп, таратыңыздар. Сілтемесі мында.