Ал, Шымкент тұрғыны ғаламторда табылған құжаттар тіркейтін бюродан жеке тұлғалар туралы ақпарат ұрлап, 50 жанның атынан онлайн несие алған. Ішкі істер министрілігі интернетте адамды торға түсіретіндердің көбейгенін айтып, дабыл қағуда. Өткен жылы тәртіп сақшылары онлайн алаяқтар 14 мыңнан аса заңбұзушылық фактісін тіркеген.
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Елде интернет алаяқтық көрсеткіші күрт артқан. 2020 жылы Қазақстанның ғаламтор сегментінде осындай 14 мыңнан астам факті анықталыпты. Мұны Ішкі істер министрлік өкілдері коронавируспен байланыстырып отыр. Өйткені, адамдар ғаламтор арқылы тапсырыс беріп, жеке басына қатысты деректерді еркін жариялайтын болған.
ҚАНАТ НҰРМАҒАМБЕТОВ, ҚР ІІМ КРИМИНАЛДЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: "Өкінішке қарай, киберқылмыс көбейді, оның ішінде интернет-алаяқтық жиілеп кетті. Өткен жылы мұндай 14 мың, осы жылдың қаңтарында 1700-ден аса қылмыс тіркелді. Көбіне алаяқтар елдің түрлі аймағында отырады. Қылмыскерлер ақша алу немесе әлеуметтік желідегі парақшаға, электрон шоттарға кіру үшін әлеуметтік инженерия әдісін пайдаланады".
Иә, қылмыскерлер тым әккі. Мысалы, 2020-да бес жарым мың жан онлайн саудада алданып, опық жеген. Алаяқтар интернеттен үш мың адамның жеке құжатын ұрлап, несие рәсімдеген. Тағы екі мың қазақстандықтың банк карта реквизиттері қолды болып, қаржыларынан қағылған. Құқық қорғаушылар күресіп жүргізіп жатқанымен, әлі де ғаламтордағы алдаушылар азаяр емес.
ҚАНАТ НҰРМАҒАМБЕТОВ, ҚР ІІМ КРИМИНАЛДЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: "Нұр-Сұлтанда полицейлер "Instagram" желісінде ұялы телефон сатамын деп алдаған алаяқ жас жігітті ұстады. Ол 15 рет алаяқтық жасап, 3 миллион теңгеге жуық залал келтірген. Микроқаржы ұйымдары арқылы онлайн несие алу көбейіп кетті. Мысалы, Шымкент тұрғыны құжат табылды деген хабарламаны іздеген. Тапқан соң, адамның жеке куәлігіндегі деректерді пайдаланып, түрлі облыстан 50-ден аса адамның атына несие рәсімдеген".
Ал, Түркістан облысында келіншек 980 мың теңгесін онлайн алаяқтарға бере салған. Кейіннен олар әйел адамға жоғарыдағы соманы салсаң, бірнеше есе қайтарып аласың деп сендіріп, ізім-ғайым жоқ болған. Мұндай қылмыстардың жолын кесу мақсатында министрлік ішінен кибер-заңбұзушылықпен күресетін бөлім ашылыпты.
ҚАНАТ НҰРМАҒАМБЕТОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ КРИМИНАЛДЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: "Криминалдық полиция департаментіне қарасты Кибер қылмысқа қарсы орталығының аясында арнайы бөлім ашылды. Ол интернет алаяқтыққа қарсы тұратын болады. Ал, аймақтарда осындай істерді тергейтін топтар құрылды".
"Көбіне адамдар онлайн қылмыскерлердің қандай да заттың арзан бағасы мен "тез жеткізіп беремін" деген хабарландыруына алданады екен. Полицейлер осындай күмәнді келісімне алшақ болуға шақырады. Сондай-ақ, шенділер сенім жоқ сайт, сілтемеге кірмеуді, алдын-ала ақша жібермеуге кеңес береді. Ал, ең бастысы, ешкімге ешқашан жеке басыңыздың ақпаратын бермегеніңіз жөн".