«Бұл күні қалада лимузиндер жүрмейтін болады. Тіпті сіздер ақша жинап, машинаға тапсырыс беріп қойсаңыздар да. Біз келеңсіз жәйттарға жол бермеуіміз тиіс», — деді Оңтүстік Қазақстан облысының жол полициясы басқармасының бастығы Аманқұл Қасымбеков сәрсенбі күнгі қала әкімшілігіндегі кеңесте.
Оның айтуынша, бұл шешімді қала мұғалімдері мен қала басшылығы қолдады. «Былтыр ол тізгінсіз болды. Біз жағдайды өз бақылауымызға ала алмадық. Балалар лимузиндермен қыдырып, сауық-сайран салып жүрді», — деді А. Қасымбеков.
Ол сондай-ақ тыйым барлық мектеп бітірушілеріне қатысты деп сендірді. Оларға жоғарғы лауазымды ата-аналары да көмектесе алмайды.
«Егер оқушылар көліктің терезесінен не люгінен басын шығаратын болса, ондай көлікті тоқтатып, айып тұрағына жіберіп, оқушының ата анасын шақырту керек», — деді қала әкімінің орынбасары Бахадыр Нарымбетов.
Биыл Шымкентте 5332 оқушы мектеп бітіреді.