Енді қазақ тіліндегі мәтінді латын қарпіне аударуға бар болғаны бірнеше секундыңыз кетеді. Шымкенттік өнертапқыш қазақ әрпін латынға аударудың оңтайлы жолын ойлап тапты. Тұтастай сөйлемді бағдарламаға еңгізсеңіз, компьютер автоматты түрде латын әрпімен жазып береді. Мағынасы өзгермейді. Сол қалпында қалады. Жоба авторы Қуаныш Рысқұлов енді аудармашының тегін мобильдік нұсқасын жасауды көздеп отыр.
«Кез келген қызметкер немесе оқушы, кітап жазған жазушы осы бағдарлама арқылы өзінің дайын мәтінін лезде латын әліпбиіндегі нұсқасына ауыстыра алады. Яғни латын қарпіне көшу халық арасында қиындық туғызбайды», – дейді жоба авторы Қуаныш Рысқұлов.
Бұл жаңалықпен жазушы-журналист Мархабат Байғұт толығымен келіседі. Ол өзінің шығармаларын латын қарпіне көшіруді жөн санайды. «Ал менің кейбір замандас әріптестерім бұған әлі де үрке қарайды», – дейді еліміздің еңбек сіңірген қайраткері.
«Ақын-жазушыларда қауіп бар. Біздің шығармаларымыз, кирилицамен шыққан томдарымыз не болады? Латын әліпбиіне көшіру қалай болады? Оның ешқандай қиындығы жоқ. Қазір технология заманы. Бәрін компьютер атқарады», – дейді жазушы Мархабат Байғұт.
Латын әліпбиіне өту қазақ және ағылшын тілдерін үйренуге ықылас танытқан жастарды біріктіреді. Себебі латын қаріптері ағылшындікіне ұқсас келеді. «Осы арқылы ана тіліміздің мәртебесі де артады», – дейді Оңтүстік Қазақстан облысындағы Жастар ресурстық орталығының белсенділері.
«Қазіргі кезде көп жастарымыз күнделікті әлеуметтік желі де латын әліпбиін пайдаланып жүр. Бұл жастар арасында еш қиындық туғызбайтыны белгілі. Одан бөлек, шетелдермен байланысты мысалға шетелден келген немесе басқа да әріптестер біздің елге келгенде бағанада жазылған жазуларды, дүкендердің аттарын басқа да жазбаларды толықтай танып түсіне алады», – дейді облыстық Жастар ресурстық орталығының басшысы Береке Дүйсебеков.
Латын әліпбиіне көшу әлемдік өркениеттің тіліне өтумен пара-пар. Себебі білім мен ғылымда ағылшын тілі мен латын қарпі қатар қолданылып келеді. Бұл – Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының доценті Шара Әділованың пікірі. «Латынға көшудің пайдасы көп», – дейді ғалым.
«Біріншіден, тіл тазалығы сақталады. Кешегі кириллицаның кезінде бізде фонетикалық өзгешеліктер, тілді бұзушылық болды. Жоғары оқу орындарындағы филология факультетінде латын тілін оқытатын ауылға барып, оны насихаттайтын мамандар даярлағаны дұрыс», – дейді ОҚМПИ «Қазақ тілі және әдебиеті» кафедрасының доценті Шара Әділова.
Латын қарпі түркітілдес мемлекеттерінің бірігуіне жол ашады. Тәуелсіздік алған тұста түркітілдес халықтардың көбі әліпбиін латынға ауыстырған болатын. Қазірдің өзінде жоғары оқу орындарының ұстаздары шетелдік әріптестерімен латын тілінде хат алмасуда.