Шымкенттік қыз итін құтқарамын деп өзі де ажал құшты - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+10 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Шымкенттік қыз итін құтқарамын деп өзі де ажал құшты

Шымкенттік қыз итін құтқарамын деп өзі де ажал құшты

Қайғылы жағдай Шымкенттегі жаңадан салынған "Пахтакор" шағын ауданынан ағып жатқан арықта болған

  • 27 Шiлде 2018
  • 30
Фото - Caravan.kz

Шымкентте арық бойында итімен бірге серуендеп жүрген 14 жастағы қыз тоққа түсіп өлді.

КТК арнасының мәліметінше, қаланың қақ ортасымен ағып жатқан арнаға сол жердің тұрғындары бау-бақша суғару үшін электрлі насос орнатып тастаған екен. Ал, техника қауіпсіздігі сақталмайтын сол сорғылардың кейбірі тіпті суда жатады. Әуелі суға түскен иті өліп, артынша оны құтқармақ болған Валерия Носикованы да тоқ тартқан. Енді марқұмның туыстары мен қорқып қалған тұрғындар сор болған сорғыларды құртсын деп талап етіп отыр.

Қайғылы жағдай Шымкенттегі жаңадан салынған "Пахтакор" шағын ауданынан ағып жатқан арықта болған. Таңертең итімен бірге серуенге шыққан Валерия Носикованың әуелі төбеті суға түсіп, арықтағы электрсорғысына жақындағанда сеспей қатыпты. Артынша итін құтқармақ болған 14 жасар қызды да тоқ ұрған. Көмекке ұмтылған көршісі Руслан да тоққа түсіпті.

"Сорғы суға тиіп тұрды. Қалай тоқ ұрғанын өзім де білмеймін, амалдап аржаққа секіріп кеттім. Мен шығарған кезде аузынан көбік ағып жатты", — дейді Шымкент қаласының тұрғыны Руслан Әбдірайымов.

Ал, тоққа қосылған сорғылардың көмегімен мұндағы тұрғындар бау-бақшасын суарады. Үйге құбыр тартып әуреге түспей әрі мемлекетке ақша төлемей-ақ тегін су алу үшін. Енді ел электр сорғы қойғандар мен бала-шағасы үшін қорқатындар болып екіге бөлініп жатыр.

Жергілікті жұрт бұл арнаны "ажал арығы" деп атап кеткен. Өйткені, Валерияның өліміне дейін де бұл арықтан үй жануарлары мен ит-құстың өлексесі жиі табылған екен. Ал, арнаның бойы электрге қосылған су сорғыларына тола екенін ескерсек, алдағы уақытта да суға түсем деп тоққа түсетіндер саны әлдеқайда көбеюі мүмкін.

"Күндіз моторды қоймау керек, алып тастасын. Өкіметтің суы бар ғой, бақшасын солай суарсын", — дейді қала тұрғыны Алтынай Қалымқұлова.


Ал, Гончаренколар отбасы болса Валерияның суретіне қарап егілгеннен басқа шарасы жоқ. Асырап алған екі қыздың кенжесі Валерия Носикова туғанымнан артық еді деп қанжылаған туыстары полицейлердің бұл істегі енжарлығына да қапалы.

"Қайғылы оқиға болған күні тергеуші екі күннен соң сізді шақырамыз деп кеткен. Одан кейін 9 күн өтті. Әлі хабар жоқ. Жалдаған адвокатымыз да бірнеше күн оны таба алмаған еді. Қызымның өліміне себепші болған электрлі мотор да сараптамаға жіберілмей, әлі тергеушінің кабинетінде жатқанын сол қорғаушымыздан естідік. Сонда бұл қалай болғаны?!", — деп ашынды марқұмның әкесі Константин Гончаренко.

Ал, полицейлер болса әдеттегідей өздеріне шаң жуытпайды. Сараптамалар тағайындап, "абайсызда қаза келтіру" бабы бойынша қылмыстық іс те қозғадық дейді.

"Болжам бойынша каналда орнатылған сорғының техникалық ақауына байланысты тоқ ұрған. Қыздың өліміне сол себеп болған. Абайсызда болған оқиға деген болжам жасалуда. Сараптама қортындысын әлі біраз күтуге тура келеді", — деп түсіндірді Еңбекші АПБ аға тергеушісі Ғалымжан Қайып.

Алайда, "ажал арығының" маңындағы жұрт сор болған сорғыларды толық тексеріп, өмірге қауіп төндіріп жатқан құрылғыларды құртсын деп құзырлы органдарға жаппай шағым түсірмекші.

 

Соңғы жаңалықтар