Жарияланды: 70

"Смайылов ресейшіл еді, енді қайттық...". Кремльдің жаңа премьерге көңілі толмай жатыр

"Смайылов ресейшіл еді, енді қайттық...". Кремльдің жаңа премьерге көңілі толмай жатыр Сурет - Azertag.az

 

Әлихан Смайылов Үкіметінің аттан түсіп, атқарушы билікке Олжас Бектеновтың келіп, жаңа Үкіметті жасақтауына ресейшіл телеграм арналар өзінің кері реакциясын көрсетіп үлгерді деп жазады Dalanews.kz.

Әлихан Смайылов Үкіметі отставкаға кетер алдында Алматыда өткен Еуразиялық одаққа мүше елдердің үкіметаралық кеңесінің кезекті отырысында Одаққа мүше елдерді Қазақстанның көлік-логистика саласын бірлесіп дамытуға шақырған болатын.

Мұның алдында еліміздегі 20 әуежай мен Каспий жағалауындағы маңызды порттар Батыс елдерінің инвесторларына берілгені жайындағы ақпарат тараған еді. Сол кезде Кремльдің сойылын соғатын арналар ертоқымын бауырына алып тулағаны да есімізде.

Смайылов мұны біле тұра, Еуразиялық одаққа мүше елдердің инвесторларын Қазақстанның көлік-логистика саласын дамытуға шақыруын түсіне алмадық. Тіпті, мұны провокация деп қабылдауға да болар ма еді?..

Дәл қазір Еуразиялық одақта Ресейден басқа елдерде елімізге инвестиция сала қоятын мүмкіндігі жоқ. Осыдан-ақ Смайыловтың ресми Мәскеудің қолайына жағатын премьер болғанын байқайсың.

Ал жаңа Премьер-министр Олжас Бектеновтің Смайылов секілді намазын Ресейге қарап оқымайтыны Кремльдің кеудесіне қанжардай қадалуда. Сол себепті ресейшіл телеграм арналар Бектеновты күстаналап, ұлардай шулап жатыр.

Путиннің қас-қабағына қарап ақпарат тарататын арналар:

«Қазақстанда Үкімет басына келген Бектенов Астананы Мәскеуден алыстата түсетін кадр» деп әңгіме айта бастады.

Осылайша пропогандистер Ескі Қазақстанның өкілдерін Бектенов Үкіметіне қарсы қоюға жанталасуда. Ресми Мәскеу еліміздің саяси элитасын «ескі, жаңа» деп бөлшектеп Қазақстандағы саяси ықпалын сақтап қалуға күш салуда.

Атқарушы биліктің тізгін-шылбырын қолға алған Олжас Бектеновты ресейлік арналар күштік құрылымдардың өкілі ретінде көрсетуге тырысып бағуда, деп жазды Dalanews.kz.

Енді негізгі әңгімемізге қайта оралсақ, Путиннің басты пропагандистерінің бірі Маргарита Симоньянның бақылауындағы "Брифинг" арнасы Бектеновты "Астана мен Мәскеудің арасын алыстататын тұлға" ретінде көрсетуге барынша күш салыпты.

Арнаның ақпаратына сенсек, Бектенов Астана мен Мәскеудің арасын алыстатып, Қытай мен Батыс елдері арасындағы байланысын күшейтіп, Қазақстанды Орта Азиядағы көшбасшы елге айналдырмақшы.

Әрине, кез келген Қазақстан азаматы бұл бағытты қолдайтыны анық. Керек десеңіз, бұл Бектеновтың емес, президент Тоқаевтың бірнеше жылдан бері жүзеге асырып келе жатқан саясаты емес пе? Бірақ Кремль пропагандистері Бектеновтен Смайылов жасай алмайтынын түсінбей отыр, деп жалғады Дала нюьс медиа порталы. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін