Смартфон баланың санасын өзгертіп жатыр: Ғалымдар жаңа деректерді жариялады - kaz.caravan.kz
  • $ 504.49
  • 587.73
-1 °C
Алматы
2025 Жыл
7 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Смартфон баланың санасын өзгертіп жатыр: Ғалымдар жаңа деректерді жариялады

Смартфон баланың санасын өзгертіп жатыр: Ғалымдар жаңа деректерді жариялады

Психологтар мен дәрігерлер смартфондар балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығына кері әсер ететін деректерді жариялады.

  • 25 Шiлде
  • 11
Фото: nsuem.ru

Халықаралық ғалымдар тобы жүргізген зерттеу қоғамда алаңдаушылық тудырған мәселелерді растап отыр. Кішкентай жастағы балалардың смартфон қолдануы болашақта психикалық бұзылыстарға әкелу қаупін айтарлықтай арттырады екен, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Sapien Labs зерттеу орталығы жүргізген Global Mind Project жобасына әлемнің түрлі елдерінен шамамен 100 мың жас қатысты. Зерттеу нәтижесінде ғалымдар әлеуметтік желіні ерте жастан пайдаланған балалардың әртүрлі психологиялық мәселелерге жиі тап болатынын анықтады.

Баланың смартфон мен планшетті қаншалықты ерте қолдана бастағанынан оның болашақтағы психоэмоциялық жағдайына тікелей әсер ететіні белгілі болды. Мәселен, зерттеу барысында ұл балаларда эмоциялық өзін-өзі бақылау әлсірейтіні, ал қыз балаларда өзін-өзі қабылдау мәселесі жиі кездесетіні байқалды.

Зерттеушілер тобы жариялаған есепте смартфонды тым ерте қолдана бастаған балалар эмоционалдық тұрақтылықты жиі жоғалтады екен, ашушаң болып, өзіне қол жұмсау туралы ойлар пайда болады, өзін төмен бағалауға бейім болатыны жазылған. Мамандардың айтуынша, жастарға гаджеттердің кері әсерінің 40 пайызы кибербуллингтен туындайды.

Балалар психологы Елена Максимованың пікірінше, гаджеттерге тәуелділік «сандық надандыққа» әкелуі мүмкін. Смартфон мен планшетке шамадан тыс әуестік адамның бір тапсырмаға назарын шоғырландыру қабілетін төмендетіп, күрделі мәселелерді шешу кезінде қиындықтар туғызады.

«Десе де, заманауи технологияны жетік меңгерген жастардың ми құрылымында өзгерістер пайда болып жатыр. Бұл өзгерістер олардың бірнеше тапсырманы бір мезгілде орындап, бірнеше процесті қатар бақылауына мүмкіндік береді, – дейді маман.

Алайда балалар мен жасөспірімдердің психологиясында болып жатқан өзгерістерге тек гаджеттерді кінәлау дұрыс емес. Психологтың айтуынша, баланың психологиясына теріс әсер ететін тағы бір үлкен фактор – отбасындағы тәрбиенің әлсіздігі мен ата-аналар арасындағы байланыстың үзілуі. Өкінішке қарай, қазір ата-аналар күні-бойы жұмыста, ақша табудың қамымен жүр, балаларға уақыт бөлуге мүмкіндіктері жоқ. Соның салдарынан балаға жетіспеген көңіл мен махаббаттың орнын смартфондар алмастырып жатыр.

Балалардың гаджетке тәуелді болуының тағы бір себебі бар. Ата-аналар балаларын үйден жалғыз шығаруға қорқады. Салдарынан үрей балалардың жалғызсырауына және өз бетінше өмір сүру қабілетінің төмендеуіне әкеледі. Бүгінгі балалар үшін гаджеттер бұрынғы ұрпақтың өмірлік маңызды дағдыларының орнын басып отыр.

Ал баланың дұрыс өсіп-жетілуі үшін жақын адамдармен жиі сөйлесіп, жақсы қарым-қатынас құруы керек. Ата-анасы баланы жасына сай дамытатын ойындар мен хоббиге үйретіп, қызығушылығын оятып, білім алуға көмектесуі керек. Психологтың айтуынша, балаларға ең керегі — адамдармен араласу. Ал смартфон бұл қажеттілікті ешқашан алмастыра алмайды.

Перейти к новостям спорта