Осы ретте Caravan.kz медиа порталының тілшісі 2024 жылы қазақ спортшы несімен есте қалды деген сұраққа жауап іздеп көрді.
Бокспен қоштасып, қызметпен қауышқан Головкин
2024 жылдың басында орта және екінші орта салмақ дәрежесінде өнер көрсететін кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин Ұлттық олимпиадалық комитеттің төрағасы болып тағайындалды. 45 жекпе жек өткізіп оның 42-де жеңіске жеткен спортшы комитетті 9 жыл бойы басқарған олигарх Тимур Құлыбаевты алмастырды.
Париж Олимпиадасы
Биылғы жылдың басты додасы — Париж Олимпиадасы. Төрткүл дүниенің үздік спортшылары бас қосқан байрақты бәсекеге 205 мемлекет қатысты. Франция астанасында өткен дода ел құрамасы үшін Токио Олимпиадасымен салыстырғанда жақсы нәтижемен аяқталды. 2021 жылы өткен жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте 8 қоламен 83-орынға жайғасса, Париж Олимпиадасында 1 алтын, 3 күміс, 3 қоламен 43-ші орынға тұрақтады.
Ұлттық құрама қоржынындағы жалғыз алтынды дзюдодан 60 келі салмақ дәрежесінде белдескен Елдос Сметов алды. Финалдық кездесуде кілем қожайыны Лука Мхелидзені жеңген Сметов ел тарихындағы дзододан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды. Қазіргі уақытта дзюдошының еншісінде Олимпиада жүлдерінің толық жиынтығы бар. Бұған дейін ол 2016 жылы күміс медаль, 2020 қола медаль иеленген еді.
Қазақстан әйелдер боксы тарихында алғаш рет үш жолдаманы бірден иеленді. Париж Олимпиадасына Назым Қызайбай, Карина Ибрагимова және Валентина Хальзова жолдама алған болатын. Алайда, 30 жасында тұңғыш рет Олимпиадаға барып, қола медаль алған Назым Қызайбай ғана Олимпиада жүлдегері атанды.
Париждегі екінші тарихи медальды гимнаст Нариман Құрбанов жеңіп алды. Қазақстан тарихында спорттық гимнастикадан Олимпиада жүлдегері болмаған еді. Ат үстіндегі жаттығудан күміс медаль жеңген Нариман Құрбанов тарихи жетістікке қол жеткізді.
Ал, Демеу Жадыраев Франция астанасында күміс медаль иеленіп, грек-рим күресінен 20 жыл ішінде Олимпиада финалына шыққан алғашқы қазақстандық атанды.
Нысана көздеуде Александр Ле мен Ислам Сәтпаев қола жүлде жеңіп алып, бұл спорт түрінен Қазақстан құрамасы 28 жыл бойы күткен жүлдені иеленді.
Құзға өрмелеуші Әмір Маймұратов да Олимпиадада рекорд жаңартты. Ол «жылдамдық» қашықтығында алғашқы кезеңде өрмелеу жолын 4.89 секундта өтіп, Олимпиада рекордын орнатты. Дегенмен, өкінішке орай, бұл рекордты сақтап қалу мүмкін болмады. Себебі, кейін оны индонезиялық Ведрик Леонардо оны жаңартты.
Сондай-ақ, семсерлесуден Қазақстан құрамасы алғаш рет Олимпиадада командалық сайыстарға қатысты. Руслан Курбанов, Эльмир Әлімжанов, Вадим Шарлаимов және Ерлік Сертай алтынышы орынға көтерілді.
Кирилл Герасименко үстел теннисінен 1/8 финалға дейін жетіп, Париж Олимпиадасында тарихи нәтижеге қол жеткізген еді. Бұған дейін ешбір қазақстандық теннисші Олимпиадада тоғызыншы орынға дейін жетпеген еді.
Әлеуетін қайтарған ауыр атлетика
Сәтсіздік пен ұзақ үзілістен кейін ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасы жүлдегерлер қатарынан көрініп, өз мықтылығын дәлелдеді . Желтоқсан айында өткен әлем чемпионатында қазақстандық зілтеміршілер екі алтын және бір күміс медаль жеңіп алды. Алтын жүлдені Нұрғиса Әділетұлы (96 келіге дейін) және Артем Антропов (102 келіге дейін) иеленсе, Алексей Чуркин (81 келіге дейін) күміс жүлде жеңіп алды.
UFC-дің чемпиондық белбеуіне негізгі үміткер атанған Шавкат Рахмонов
Лас-Вегас қаласыда өткен UFC 310 турнирінде Шавкат Рахмонов ирландиялық қарсыласы Иэн Гэрриден басым түсті. Жекпе-жек бес раундқа дейін созылды. Жерлесіміз соның үшеуінде басымдық танытып, раунд бойынша 3:2 есебімен алға шықты. Осылайша, Шавкат аралас жекпе-жектегі 19-жеңісіне қол жеткізіп, UFC-дің чемпиондық белбеуіне негізгі үміткер атанды.
Көшпенділер ойыны
Ел астанасында өткен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары да тарихта қалатын дода болғаны сөзсіз. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында апта бойы 21 спорт түрінен сайыстар, «Көшпенділер ғаламы» этноауылында мәдени шаралар, ғылыми бағдарлама шеңберінде «Көшпенділер: тарих, білім, сабақтар» атты ғылыми-практикалық коференция ұйымдастырылды. Дүбірлі додаға 89 мемлекеттен 2500-ге жуық спортшы қатысты.
Қазақстан спортшылары 112 медальмен көш бастады. Оның 43-і алтын, 32-і күміс және 37-сі қола жүлде.
Екінші орынды Қырғызстан ойыншылары еншіледі. Қырғыз спортшыларының қоржынына 65 медаль түсті. Оның 19-ы алтын, 21-ң күміс және 25-і қола медаль.
Медаль саны бойынша үшінші орынды Ресей спортшылары иеленді. 12 алтын, 12 күміс және 25 қола – жалпы 49 медаль жеңіп алды.
Ойындарға қатысушылардың көбі – Қазақстандықтар. Елімізден 195, Қырғызстаннан 172, Ресейден 144 спортшы қатысты.
Бокстан Азия чемпионаты мен ереже бұзған өзбек боксшысы
Бокстан биылғы Азия чемпионаты Таиландтың Чиангмай қаласында өтті. 5 алтын, 5 күміс, 1 қола еншілеген Қазақстан ерлер құрамасы жалпы командалық есепте 8 алтын алған Өзбекстаннан кейінгі екінші орынға тұрақтады.
Қазақстан сапынан Махмұд Сабырхан (54 келі), Бекзат Нұрдәулетов (86 келі), Сағындық Тоғамбай (92 келі), Айбек Оралбай (+92 келі), Абылайхан Жүсіпов (71 келі) жеңімпаз атанды. Ал, Санжар Тәшкенбай (48 келі), Оразбек Асылқұлов (57 келі), Дулат Бекбауов (67 келі), Диас Молжігітов (75 келі) күміс медаль иеленсе, Ерасыл Жақпеков (80 келі) қола медальді қанағат тұтты.
Құрлықтық бәсекенің финалдық кездесулерінің бірінде отандасымызбен кездескен өзбек боксшысы ереже бұзып, өрескел қателік жасады. 71 келіде өнер көрсеткен Абылайхан Жүсіповтың иығын қарсыласы Хавасбек Асадуллаев финалдық кездесуде тістеп алды. Қазақстан бокс федерациясы жарыс ұйымдастырушыларына шағымданды. Осылайша, Абылайхан Жүсіповтың финалдық жекпе жектегі нәтижесі бір күннен кейін өзгертіліп, жерлесіміз чемпиондық атандықты өзге боксшылардан бір күн кешігіп алды.
Қазақстанның әйелдер құрамасынан финалға шыққан 5 боксшының барлығы жеңіс тұғырынан көрініп, алтын медальдың иегері атанды.
Жоғарыда атаған жетістіктерден бөлек, биыл спортшыларымыз ішкі біріншілікте, Азия чемпионаттарында, әлемдік додаларда топ жарды. Алдағы 2025 жылы да қазақ спортындағы жарқын жеңістер мен тарихи жетістіктерге куә боламыз деген сенімдеміз!