Украинадан қазіргі таңда әртүрлі ақпараттар келіп жетуде. Біреуі рас болса, бірі фейк ақпарат.
Дегенменде бұл жағдайға байланысты қазақстандық жұлдыздар қандай пікірде? Қандай ойда?
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталының тілшісі анықтап көрді.
"Соғыста жеңімпаз болмайды" — Мақпал Исабекова
Әнші Мақпал Исабекова дәл осындай пікірде. Ол Украинада арнайы операцияның болуына қарсы шықты. Бұл туралы ол Instagram желісіндегі парақшасында жазды.
"Соғыста жеңімпаздар болмайды. Соғыс ол — қатысқандар үшін әрдайым жеңіліс болып табылады. Конфликт адам шығынысыз болсын деп Құдайдан тілеймін", — деді әнші.
"Менмендіктің кесірінен болды" — Dequine
Ресейге көшіп кеткен әнші Dequine Украинадағы жағдайды менмендіктен болды дейді.
"Менмендіктің кесірінен болды. Соның кесірінен қарапайым адамдар жапа шегіп, адамдар отбасыларынан, үйлерінен, жұмыстарынан, жақындарынан айырылуда. Олардың бұл өте жақын жандары. Оларда бала бар, тарих бар, әке мен ана бар, оларда бір ғана өмір бар", — деп жазды әнші.
"Украинаға қарым қатынасым ерекше" — Жәния Джуринская
Ал Украина еліндегі жағдайды естіген танымал актриса Жәния Джуринская көзіне жас алды.
Бұл туралы ол Instagram-дағы Stories-те бөлісті.
"Мен елдерге бөлмеймін. Адамға, ұлтқа бөлмеймін. Украинаға менің қарым-қатынасым ерекше. Өйткені, бұрын Украинада өмір сүріп, сол жақта жұмыс жасағанмын. Ол жерде менің көптеген достарым бар. Мен оларды қатты уайымдаудамын. Адамдардың соғысты қаламайтыны сөзсіз. Бұл қандай да бір саяси ойын болса кереткі", — деп көзіне жас алып айтты актриса.
"Бейбіт күннің қадірін түсіне білейік" — Дәулет Мұқаев
Блогер Дәулет Мұқаев еліміздің қадірін түсіне білуді айтты.
Бұл туралы ол Instagram-дағы парақшасына жазды.
"Бейбіт күннің қадірін түсіне білейік… Аллаға мың да бір шүкір. Жылы үйде, жұмсақ төсегімде жатырмын. Әрбір күнімізге шүкір етейікші. Соғыс болмасын", — деді Дәулет Мұқаев.