Жарияланды: 530

«Соғыс уақытындағы балалар туралы» заң қабылдануы керек - Х. Уәлиев

«Соғыс уақытындағы балалар және олардың мәртебесі туралы» заң жобасы әзірленіп, қабылдануы керек. Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған сенатор Хұсайын Уалиев осылай мәлім етті.

«Күн өткен сайын елімізде Ұлы отан соғысы ардагерлерінің ғана емес, тыл еңбеккерлерінің қатары да сиреп барады. Алайда олардың жеңіс үшін жасаған қажырлы еңбектері мен батырлықтарын еш ұмытуға болмайды. Сол уақыттағы балалар да ересектермен қатар еңбек етіп, жеңісті жақындатуға бар күш-жігерлерін жұмсады. Тез есейген сол балалардың балалық шағы аласапыран заманда өтті. Алайда бүгінгі күні олар мемлекеттің назарынан тыс қалып отыр. Тіпті біздің елімізде «соғыс уақытындағы балалар» атты әлеуметтік санат жоқ», - дейді депутат Х. Уәлиев. Депутаттың айтуынша, дәл осы санаттағы зейнеткерлердің алатын зейнетақысы да мардымсыз. Сонымен қатар, ТМД елдері арасында аталған санаттағы азаматтарға көмек көрсету шаралары жүзеге асып, Ресей, Беларусь, Молдова, Украина секілді елдерде «Соғыс уақытындағы балаларды әлеуметтік қорғау туралы» заң қабылданған. Заң шеңберінде 1945 жылғы 2 қыркүйекке дейін 18 жасқа толмаған азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсетіледі. «Осыған байланысты, «Соғыс уақытындағы балалар және олардың мәртебесі туралы» заң жобасын әзірлеп, оны қабылдасақ игі», - деді Х. Уәлиев.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть