Бұл күндері Ресей аумағында жаппай мемлекеттік байрақтар түсіріліп, көңіл көтеру шаралары мен бағдарламалар кейінге қалдырылды,- деп хабарлайды Ресейдің «Новости» ақпараттық агенттігі.
Соңғы мәліметтер бойынша, Солтүстік Осетияның Беслан қаласында болған қайғылы оқиғадан 335 адамның, оның ішінде 156 баланың өмірі үзілді. Қаза тапқан 207 адам, оның ішінде 105 бала танылды. Тағы 200-дей адам хабар-ошарсыз кеткендер санатында.
Бүгін Бесланда қаза тапқандарды жерлеу рәсімі жалғасады. Алғашқы құрбандар кеше жер қойнына тапсырылған.
Бесландағы оқиға бүкіл Ресейде және дүниежүзінің көптеген елдерінде ыза тудырды. Ертең Мәскеу орталығында «Ресей лаңкестікке қарсы» деген тақырыпта митинг өтіп, зардап шеккендерге қолғабыс көрсетуге арналған қайырымдылық марафондары өткізіледі.
Дүниежүзінің көптеген елдерінен Ресей басшылығының атына көңіл айтқан және көмек қолын созған жеделхаттар, телефон қоңыраулары мен ұсыныстар келіп түсуде. Бұл жолдауларда түгелдей Бесландағы қайғылы оқиға халықаралық лаңкестердің жан түршігерлік жалмауыздығы деп аталуда.
Дүниежүзінің көптеген елдеріндегі Ресей елшіліктеріне жүздеген адамдар тірі гүл шоқтарын әкеліп, қаза тапқандардың құрметіне шам жағуда.