Солтүстік пен шығыста үскірік аяздан мерекелік шаралардың кестесі өзгертілуде
|
Солтүстік пен шығыста үскірік аяз бәсеңдемей тұр. Ауа температурасы --40-тан көтерілмеген Шығыс Қазақстанда жергілікті билік Тәуелсіздік күніне жоспарланған мерекелік шаралардың кестесін өзгертуге мәжбүр. Ал Павлодар, Қарағанды мен Ақмола облыстарында мектептер, тіпті колледждердегі сабақтар уақытша тоқтатылды. Бірнеше бағыттағы жолдар да жабық.
Қартайған шағында жылы үйде отыру қарағандылық Қажыкен қарияға арманға айналды. Суық түскелі бері үйінде жылу жоқ. Жатса да тұрса да аяғынан етігі, үстінен қыстық киімі түспейді. Өйткені, үйдің ішіндегі температура –8 грасдусты көрсетіп тұр.
Қажыкен Ақыпова, Ақтас елді мекенінің тұрғыны:
- Жылытқыш қоямын. Өстіп жылытқан боп жатам. Күндіз балалардың үйіне барам, кешке ұят қой олардыкынде қайтам. Мынаны қосып алып жатам, түнімен сөндірмеймін.
Сарышұнақ аяз Шығыс Қазақстан тұрғындарын да тығырыққа тіреді. Күннің суығынан тіпті Тәуелсіздік мейрамына жоспарланған шаралар кейінге қалдырылып отыр. Оның орнына адамдар сүйектен өтер суықтан қорғанудың амалын қарауда. Семейдегі ең өтімді тауар қазір - пима. Бірі өзі үшін, бірі баласына, тіпті сыйлыққа беріп жіберуге де сатып алып жатыр.
Зина Беркімбаева, Семей қаласының тұрғыны:
- Жақсы сыйлық деп ойлаймын. Осы Семейдегі баға өте тиімді баға бізге. Мынаны әлі 1-2 жыл киіп, содан кейін даже ұрпақтан-ұрпаққа дейді ғой, балалар тез өседі, сондықтан келесі ұрпақтарға бере беруге болады деп ойлаймын.
Ал елордамыз Астанада бұл күндері даладан тек жұмысшыларды ғана көруге болады. Сырттағы 35 градус аязға да қарамастан, ойылған кесек-кесек мұзды қалап, сырғанақ жасауға кіріскен. 16-ыншы желтоқсанға дейін мұндай сырғанақ қалада халық көп жиналатын екі жерге тұрғызылмақ.
Синоптиктер алдағы демалыс күндері аяз әлі де өрши түседі деп болжайды. Ал шығыс және солтүстік аймақтарда қазірдің өзінде -42 градус үскіріктен мектептерде сабақ тоқтап, тіпті алдағы мейрамдарды тойлау да сәл кейінге қалдырылып отыр. Өйткені «батырға да жан керек» деген синоптиктер далаға шығарда жылы киініп, мүмкіндігі болса алыс жолға шықпауды ескертеді.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін