«Аксесс Энерго» компаниясы Солтүстік Қазақстан облысына американдық «Access Industries» компаниясы келгеннен кейін 1998-жылы құрылған. Оған Петропавлдағы ТЭЦ-2, облыстағы жылу желілері , Солтүстік Қазақстан облыстық электр тарату компаниясы мен энергия сату департаменттері біріккен.
Облыстың энергетика жүйесі қала және облыстың 150 мың тұтынушысын өз электр қуатымен, 60 мың тұтынушыны жылумен қамтамасыз етеді.
Петропавл ТЭЦ-2 336 МВт электр, сағатына 765 ГКал жылу энергиясын өндіре алады. Мұнда 7 турбогенератор, 12 қазандық агрегат орнатылған. Солтүстік Қазақстан облыстық электр тарату компаниясының 0,4-220 кВ-тық электр тарату желілерінің ұзындығы 16410 шақырымды, соның ішінде 0,4-10кВ-тық кабельдік желінің ұзындығы 373 шақырымды құрайды. Солтүстік Қазақстан облыстық электр тарату компаниясының иелігінде қуаты 2211 МВА-ны құрайтын 3009 қосалқы станция жұмыс істейді.
А.Макаровтың айтуынша, ішкі рынокты қажетті электр қуатымен толыққанды қамтамасыз ете алатын «Аксесс Энерго ПТЭЦ-2» ЖШС жылыту маусымында қуат көздерінің резервін пайдалану негізінде өндірілген артық электр қуатын сыртқы рынокқа сата алады. «Омскэнерго» АК ААҚ-мен арадағы келісім-шартының мақсаты — қуат көздерін толыққанды пайдалану негізінде станцияны жөндеуге қажетті қосымша кіріс көздерін табу болмақ.
Биылғы жылдың 4-тоқсанында Омбы облысына 66 млн. кВт/сағат, ал 2004-жылы 217 млн. кВт/сағат электр қуатын шығару көзделген. Ресейге электр қуатын экспорттау 2003-жылы аталмыш өнім түрін босату мөлшерін 5,1 процентке, ал 2004-жылы биылғы жылмен салыстырғанда 15,9 процентке арттыруға мүмкіндік береді.
Бүгінге дейін «Аксесс Энерго» ЖШС өнім шығаратын сыртқы рынок аясына тек Ақмола облысы ғана қамтылатын. Ал Омбылықтармен келісім негізінде 2003-жылғы сыртқы рынокқа шығаратын электр қуатының көлемі 19,8 процентке, 2004-жылы 2003-жылғымен салыстырғанда 37,8 процентке артқалы отыр.
2003-жылдың 8 айында Қазақстан бойынша өндірілген жалпы электр қуатының 2,5 процентін Петропавл 2-жылу энергиясы орталығы иемденді. Омбы облысына электр қуатын шығара бастауға байланысты бұл сан 2,9 процентке дейін өсуге тиіс.