Петропавл қаласының шетінде орналасқан «Двигатель» кооперативінің автотұрақтарының бірінен иісшіл иттердің көмегімен ішінде 77,070 кило марихуанасы бар қытай сөмкелері табылды. Соңынан белгілі болғанындай, есірткінің иесі 24 жастағы Петропавл тұрғыны болып шықты. Ол қазір ұсталып, уақытша тергеу қапасына қамалды. Оның үстінен ҚР Қылмыстық Кодексінің 259-бабы, 4-бөліміне сәйкес қылмыстық іс қозғалды.
Солтүстік Қазақстан облыстық ІІББ-ның баспасөз қызметінен хабарлағанындай, полицейлерді облыс аумағында есірткі заттарын сату деректерінің көбейгендігі алаңдатып отыр. Жыл басынан бері осындай 102 дерек тіркелсе, өткен жылғы осы мерзімде бұл көрсеткіш 90 болған. Биылғы жылы полицейлер заңсыз айналымнан 655 кило әртүрлі есірткі заттарын шығарды.