Жарияланды: 610

Солтүстік Қазақстан облыстық соты адам өліміне кінәлі деп айыпталған бұрынғы облыстық прокуратура қызметкеріне жүктелген жазаны жеңілдетті

Солтүстік Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер коллегиясы бұрынғы облыстық прокуратура қызметкері Ерлан Бөтенбаевтың үстінен Петропавл қалалық соты шығарған үкімді жеңілдетті,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 2002-жылдың 29-қыркүйегінде қала көшесімен жылдамдықты асыра жүйткіп келе жатқан Е.Бөтенбаев 23 жастағы Евгений Лукьяненконы қағып кетіп, оқиға орнынан ізін жасырған. Е.Лукьяненко апат салдарынан алған жарақаттан бірнеше күннен кейін ауруханада қайтыс болған болатын. Петропавл қалалық сотында судья Владимир Сырбудың төрағалығымен өткен сот мәжілісі Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының бұрынғы қызметкері, 29 жастағы Ерлан Бөтенбаевты ҚР Қылмыстық Кодексінің 296-бабының 2-ші тармағы және 297-бабы бойынша жол қозғалысының тәртібін бұзу арқылы адам өліміне себепкер болуына және жол апатынан кейін қашып кетуге байланысты айыпты деп тапты. Сот аталмыш қылмысты абайсызда орын алған қылмыстың қатарына жатқыза отырып айыпкерді үш жылға бас бостандығынан айыруға және оны түрме-мекенге жіберуге үкім шығарды. Сондай-ақ, ол осы мерзімде автокөлік құралдарын жүргізу құқығынан айрылды. Алайда қылмысты мойындаудан мүлдем бас тартқан Е.Бөтенбаев жоғары сот инстанциясына апелляциялық шағым түсірген. Е.Бөтенбаевтың шағымын қараған облыстық сот 3-ақпан, сейсенбіде оны екі жылға шартты бас бостандығынан айыруға жаңа үкім шығарды. Ал автокөлік құралдарын жүргізу құқығынан үш жылға айыру туралы қалалық соттың шешімін облыстық сот өзгеріссіз қалдырды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін