Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес М.Жұмабаев атындағы ауданның Изобильное ауылындағы бір үйде 24-қаңтар күні таңертең өрт шыққан. Тілсіз жау ауыздықталғаннан кейін үй ішінен 41 жастағы үй қожайыны мен оның 13 жасар қызы табылды. Зардап шеккендер ес-түссіз күйде табылған. Ауруханаға жеткізілгеннен кейін қыз бала қайтыс болды.
Үйге қасақана өрт жіберді деген күдікпен полиция қызметкерлері 34 жастағы жергілікті тұрғынды қамауға алды. Тұтқын істеген ісін мойындады. Ол өрт жіберуге мастық түрткі болды деп ақталған. Үйдің адамдар тұрмайтын бөлігіне кірген күдікті қабырғаға жанармай шашып, өрт жіберген.
Жасөспірім қыз бен оның сал болып қалған әкесі лаулап жана бастаған қамыс үйден шыға алмай қалса керек. Қожайынның әйелі мен үлкен қызы үйде болмаған.
Оқыс оқиға орнынан тәртіп сақшылары айғақ заттар алып, оларды сараптамаға жолдады. Қазір ҚР Қылмыстық Кодексінің «басқаның мүлкін қасақана құрту салдарынан адамды өлімге душар ету» жөніндегі 187- бабы, 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғау үшін материалдар жинауда.