Солтүстік Қазақстан облысында маманды жұмысшылар дайындаудың аймақтық бағдарламасы жасалды - kaz.caravan.kz
  • $ 523.86
  • 544.34
-7 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Солтүстік Қазақстан облысында маманды жұмысшылар дайындаудың аймақтық бағдарламасы жасалды

Солтүстік Қазақстан облысында маманды жұмысшылар дайындаудың аймақтық бағдарламасы жасалды

Солтүстік Қазақстан облыстық білім беру басқармасы жергілікті колледждер мен кәсіптік мектептерде маманды жұмысшылар дайындаудың аймақтық бағдарламасын жасап шығарды. Бұл туралы KZ-today тілшісіне Солтүстік Қазақстан облыстық білім беру басқармасының кәсіптік-техникалық білім беру бөлімінің бастығы Алма Құсайынова хабарлады.

  • 25 Тамыз 2003
  • 652
Фото - Caravan.kz

Қазіргі жағдаймен облыс бойынша маманды жұмысшыларға деген сұраныс небәрі 53 процентке, соның ішінде ауылшаруашылығы саласындағы сұраныс 51 процентке, энергетика саласындағы сұраныс небәрі 40 процентке қамтамасыз етіліп отыр. Ал облыста жұмыс істейтін 24 кәсіптік мектеп пен лицей және 10 колледжде 14 мыңнан астам жастар оқиды. Бағдарламаның басты мақсаты — аймаққа қажетті кәсіби мамандар дайындау аясын кеңейту, талапкерлерді нарық сұранысына сәйкес мамандық таңдауға бағыттау болып табылады.

А.Құсайынованың айтуынша, биыл аймақтағы колледждер мен кәсіптік мектептердегі көптеген жұмысшы мамандықтарға мемлекеттік тапсырыс аясы кеңейтілген. Айталық, былтыр политехникалық мектеп-лицейде қырнаушы-фрезеровщик мамандығы бойынша 25 бала тегін оқытылса, қазір бұл сан 50-ге дейін арттырылған. Сондай-ақ, дәл осынша бала гуманитарлық-техникалық колледж базасында машина жасау кешенінің техниктері мен технологтары мамандығы бойынша оқуға қабылданды. Мұндай мамандық иелері облыста соңғы 8 жыл бойы мүлдем дайындалмапты. Құрылыс саласындағы мамандықтар бойынша да мемлекеттік тапсырыс көлемі арттырылды. Атап айтсақ, №1 кәсіптік-техникалық лицейге 150, Петропавл экономикалық колледжіне 50 орын бөлінді. Таяуда ғана жер үйлестірушілері мамандығы бойынша қызметкер дайындауға лицензия алған Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжі осы мамандық бойынша 50 адам дайындауға мемлекеттік тапсырыс алды. Тұтастай алғанда, облыс колледждеріндегі мемлекеттік тапсырыс көлемі 810 орынды (өткен жылы бұл көрсеткіш 460 болған) құрады. Жалпы кәсіптік білім беру жүйесінде 1700 адам білім алуда. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 185 орынға артық.
Аймақтық бағдарламаны жүзеге асыру мақсатына мемлекеттік тапсырыс бойынша білім игеріп жатқан кәсіптік-техникалық мектеп тыңдаушыларын ыстық тағаммен қамтамасыз етуге арнап облыстық бюджеттен 53 млн. теңге бөлінді. Бұл қаржы көзі сондай-ақ, соңғы бірнеше жылда тұңғыш рет студенттерге шәкіртақы төлеуге жұмсалады.