Баспасөз қызметіндегілердің хабарлауынша, «Достық-Агросервис» ЖШС-нің 23 жастағы директорынан белгісіз біреулер бизнестен түскен кірісіңмен бөліспесең құқай көресің деп қорқытуда деген ақпарат ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасына келіп түскен. Бұл ақпаратты тексеріп, бопсалаушыларды арнаулы ұстау шараларын жүзеге асыру үшін 17-қаңтарда Интернациональное кентіне Солтүстік Қазақстан облыстық ІІБ-ның ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының бір топ қызметкерлері жіберіледі.
Сол күні 18 сағат 30 минутта ауылдағы астық қоймасына «Ауди-100» автокөлігімен келген 5 адам ЖШС директоры мен оның туысын соққыға жыға бастаған. Қару қолданамыз деп қоқан-лоққы жасаған әлгілер ақша талап етеді.
Заңсыз әрекеттің алдын алу және қарақшыларды ұстау үшін тәртіп сақшылары аспанға қаратып ескерту оқ атты. Төрт қиянатшы бірден ұсталса, қарақшылардың бірі қашып құтылуға әрекет жасайды. Тәртіп сақшыларына қаратып оқ атқан әлгі оқиға орнынан із жасырып үлгерген. Соңынан шұғыл іздестіру шараларының барысында күдікті қолға түсті. Оның қаруы тәркіленді. Алайда, дәл тұтқындау сәтінде күдікті полиция подполковнигін пышақтап алған. Тәртіп сақшысы таяу жердегі аудандық ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оның жағдайын орташа деп бағалауда.
Оқиға орнынан 12 калибрлі мылтық оғының гильзасы, 4 таяқ пен «Ауди-100» автокөлігі тәркіленді. Бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің «Бопсалау туралы» 181 бабы, 3-тармағы, «Билік өкіліне қарсы күш қолдану» жөніндегі 321-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.