18-қаңтарда қаржы полициясының қызметкерлері Петпопавлдағы бір жоғарғы оқу орнының екі студентін қылмыс үстінде ұстады. Жігіттер 2 мың теңгелік 17 жасанды купюраны осындағы дүкендерде кәдеге жаратпақ болған. Сараптама қорытындысы бұл ақшалардың компьютерлік техниканың көмегімен жасалғанын анықтаса, соңынан бұл жабдық ұсталғандардың үйінен тәркіленді.
Бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің «Жасанды ақшалар мен құнды қағаздарды жасау немесе сату» жөніндегі 206-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.
Департаменттің ақпаратына сәйкес, соңғы кездері 5 мыңдық және 10 мыңдық жасанды қағаз ақшаларды сату кеңінен етек алып барады. Осыған байланысты департамент тұрғындарды осындай купюраларды алған кезде абай болуға шақырды.
2004-жылы Солтүстік Қазақстан облыстық экономикалық және жемқорлық қылмыстармен күрес департаменті қолдан ақша жасауға қатысты 41 деректің бетін ашқан.